Жаңалықтар

Теректі әулие: тастағы жазулар

Мыңжылдық пиктограмма мен петроглифтер
Теректі әулие: тастағы жазулар
23.09.2017 13:01 15432

Теректі әулие еліміздегі ғана емес, әлемдегі теңдессіз тарихи жәдігер болып табылады. Сондықтан да ол Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарында тұр. Онда тасқа қашалған түрлі петроглифтер мен суреттер сақталған. Теректі әулие Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданы, Жезқазған қаласының күншығысынан тоқсан шақырымдай жерде орналасқан. Мұндағы тастағы керемет суреттер біздің заманымыздан бұрынғы екі, бір мың жылдықтың басындағы қола дәуіріне, сол секілді скиф-сібір дәуіріне (б.з.б. XII – б.з. І ғ.) және орта ғасырға жатады. Мұның ішінде неолит, энолит, ерте темір дәуірінің құнды металдарын өндірген орындарының ізі бар. 

Теректі әулиеде қалған пиктограмма мен петроглифтер сол дәуірдегі адам баласының ақыл-парасатының, ой-қиялының, таным-түйсігінің бізге жеткен нышаны, белгілері. Бұл суреттерге қарап отырып, тіршілік иесінің айналаны қоршаған ортамен ішкі байланысын, табиғатпен тілдесуін көре аламыз. Бұл тастардың аса мұқияттылықпен өңделгені соншалық, бүгінгі күнге дейін кейбірі су жаңа заттай жалтырап тұратындығы. Мұндағы тұрғындар оны «әулие сырғанағы» деп атайды. 

Әулиелі орындағы ең көп кездесетін сурет – аттың бейнесі. Сондай-ақ, көптеген таңбалар мен белгілер, геометриялық пішіндердің тасқа таңбалануы бұл орынның көне замандағы құрбандық шалатын ерекше жер болғандығынан хабардар етеді. Петроглифтердің ішінде түйе, бұқа, ешкі секілді үй жануарлары мен мысық, жыланның, бұғы мен арбаға жегілген жылқылардың пішіндерін байқауға болады. Жалпы әлемнің түкпір-түкпірінен ежелгі дәуірдің мәңгілік ескерткіші болып қалған петроглифтер кездесіп отырады. Оларға қарай отырып, сол заманғы адамдардың өмір сүру салтын, тұрмыс-тіршілігін сипаттай аламыз. Олар жазу өнері дүниеге келгенше, тасқа қашау арқылы келешекке өздерінің өсиеттерін қалдырып отырған. Тасқа жазылған түрлі ежелгі мифтер мен тарихи оқиғалар кейбір мемлекеттерде сол күйі өзгеріссіз сақталып, тарихи жәдігер ретінде қорғауға алынған. Оларды оқу қиын болса да, адамзат баласының өткен тарихын көруге, тануға, түйсінуге болатын аса құнды екерткіштердің бірі болып саналады.

Бұл әулиeдeгi тaсқa қашалған суреттердің көп кездесуі тосыннан келетін табиғат апаттардан үрейленген адамдардың күнге табынып, сондағы рухтарды ерекше құрмет тұтып, түрлі сиқырлы іс-әрекеттер жасағандықтарымен түсіндіреді. Ертедегі адамдардың қарым-қатынасы табиғатпен тығыз байланыста болған дегенді де білдіреді. Осы өмірден азық алып отырған олар табиғатты аса құрметтеп, қастерлеген. Сол үшінде табиғат-анаға залал келтіру, қауіп тудыру жаратқанның ашуын тудырып, қаһарына ұшыраймыз деп қорыққан. Бұл ұғым түркі мен монғолдардың дініне арқау болып, адамдар қоғам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтап, соның ішінде зиян келтірмей ғұмыр кешу керек деп қабылдаған.

Теректі әулиедегі петролглифтердің ең ерекшесі – бірінен соң бірі тұрған он екі текенің суреті. Тастың шеткі тұсының мүжілуі суретті анық көруге мүмкіндік бермейді. Он екі текені зерттеушілер адамның мүшелді жасымен, сол секілді күнтізбемен байланыстырады. Мұндағы қос бұғының ерекше суреті әлем назарын аударып отыр. Себебі, олардың пішіндері тіптен басқаша. Аяқтары шабылғандай өте қысқа, ал тұмсықтары болса тым ұзын, мүйіздері ағаш бүтағы секілді салынған. Ғалымдар бұл суреттерден скифтік дәуірдің белгілерін көреді. Осы секілді суреттер Тыва еліндегі Мугур-Саргол тастарында да бар екен.

Бұл әулиелі орында мысық тұқымдасына жататын жыртқыш аңның бір түйір суретін көруге болады. Бұл ерекше бейне де қиялдан туған аңның өзгешелігімен таң қалдырады. Себебі, ол ат пен мысық тұқымдас жыртқыштың қосыныдысының туындысы. Орағытылған жіп-жіңішке құйрығы мен үш тұяқтан тұратын алдыңғы жағындағы аяқтары бұл образдың мәнін айқындап тұрғандай. Тастағы суреттегі аңның денесі жылқыныкы іспеттес. Бұл салушы суретшінің шын қиялынан туған образ болса керек. Осы секілді петроглифтер Моңғолия мемлекеті мен Алтайдағы кейбір тас беттерінде кездеседі екен.

Теректі әулиедегі биік саналатын суреттің ұзындығы шамамен екі жарым метрдей, ені болса отыз сантиметрге жететін тіп-тік түсетін сызық бар. Оны жергілікті тұрғындар «әулиенің сырғанағы» деп атап кеткен. Зерттеушілер көрсетілген тегіс сызықтың мәнісін Құс жолы немесе сол дәуірдегі бір дәстүрмен байланысы бар-ау деген болжамға келіп отыр. Бұл киелі жерде жылқы бейнесі өте көп кездеседі. Олар шамамен тоқсан пайызды құрайды. Жылқы – елімізде алғаш қолға үйретілген жануар екені белгілі. Сол заманда-ақ ата-бабаларымыз Қамбар ата баласын ерекше құрметтеп, тұрмыс-тіршілігінің бір бөлшегі етіп, тастарға қашап салған. Осы жерден беймәлім сурет те табылып, ғалымдардың ойын сан-саққа жүгіртті. Ол суретте бір шeңбeрдeн, eкi бөлек cызық шығып, біреуі солтүстiк бағытқа қарай кетсе, келесісі солтүстік-күншығысқа қарай бет алған. Шеңбердің қақ ортасында қос өркеші бар түйенің бейнесі бар. Сызықтардың орта шегінде бұрын болып қазір жойылып кеткен жануарлар, қос крест белгісі мен төменгі тұсында адамның бейнесі пішінделген. Бір қызығы, осы секілді суреттерді еліміздің басқа да өңірлерінен кездестіруге болады. Мүмкін, олардың астарында бір сюжеттерге негіз болған аңыз жатса керек.

«Тәңірдің ықыласы ауған, тал бойында қасиетті әруақ қонып, әулиелі адамдар бұрынғы дәуірде жер-жерді аралап, қоршаған ортаның құпияларын ашып, діни әңгімелер таратып, халыққа өнегелі өсиеттер айтып жүрген екен. Солардың бірі Сарыарқа төсіндегі Теректіге де келіп қалады. Ол кезде бұл жер тіршілік иесінің аяғы тимеген жапан түз болса керек. Әбден жол жүріп, шаршаған әулиенің көзіне анадай жерден бәйтерек түседі. Бәйтеректің түбіне барып, аздап тынығып алайын деп, жақындаса, тура тал түбінен бұлқылдап шығып жатқан бұлақты көреді. Тап-таза, тұп-тұнық бұлақ суына шөлін басып, көлеңкеге тынығу үшін отыра кетеді. Демін басып, тынығып болғанда ол өте керемет күйге бөленген екен. Шаршағаны тіптен білінбейді. Бұл жерге жетем дегенше жара болған жерлері жазылып, орнында түк қалмапты. Әулиелі адам бұл орынның жәй емес екенін түсініп, Аллаға алақан жайып, құлшылық етіпті» – деген аңыз қалған.

Бұл әулиеде кездесетін іздер көптеген миф пен аңыз-әңгімелердің арқауы десек те болады. Оның бірі сонау XI ғасырда ғұмыр кешкен әл-Бирунидің жазған еңбегіне сүйенсек, мұндағы жылқы мен адам іздері Әзірет Әли және оның серігі Дүлдүлдің ізі болуы мүмкін. Яғни, Әзірет Әли осы жерде болып, киелі жердің топырағын мен тасын басқан. Тағы бір тұлпардың ізін халық «періштенің ізі» деп атап кеткен. Теректі әулиенің топырағын халық нәрестенің жастанар жастығының астына апарып салған екен. Сол секілді жуындырғанда да, осы жердің топырағын алып суға қосқан. Xалық аттың тұяғы түскен топырақтың емдік қасиеті бар есептесе керек. Ол әрине, кәдімгі ат емес, жүйрік, аты елге жайылған сәйгүліктің ізі болуы керек.

Ұлан-байтақ жерімізде көптеген тасқа қашалған петроглифтерді кездестіруге болады. Олардың көбісінде ат тұяғы түскен. Оны «тұлпартас» деп атайды. Тіпті, Манас батырдың да сәйгүлігі Аққұланның ізі де жатқан тас бар екен. Ол Сарыарқадағы Беғазы тауларында жатыр. Теректідегі құнды жәдігерлер халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен тарихын тануда, зерттеп-зерделеуде өте үлкен маңызға ие. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жететін өшпес мұра.

Сарыарқа төсіндегі әртүрлі мәдени маңызға ие ескерткіштерді зерттеп, ұзақ жылдар бойы қазба жұмыстарын жүргізген, осы өңірдегі үлкенді-кішілі қалаларды, қорымдарды, қасиетті орындарды, кесенелер мен түрлі мазарларды, республикалық маңызға ие сәулет ескерткіштері мен археологиялық орындарды зерделеп, тұжырымдар жасаған Әлкей Марғұлан Теректі әулиеге де ат басын тіреген екен. Ол алыс 1951 жылы. Ғалым ерлікке бас иген сақ пен ғұн тайпалары, сол секілді үйсіндер сапарға аттанарда бел тұсына күміс кесе мен тұлпардың тұяғын байлайтындығын айтады. Осы салт бүгінге дейін кіші жүздің кейбір руларында қолданыста болған. Сол секілді тұлпарлардың ізі таудағы тастардың бетіне мәңгілік із болып қалған – дейді зерттеуші. Тарихтың атасы Геродоттың жазуынша, сақтардың жерінде адамдар табынатын тасқа түскен «тәңірдің табын ізі» деген ұғым бар. Осы секілді іздер – Теректі де және Арғанатта да кездеседі екен. 

Теректі әуллиедегі түрлі тастардағы суреттер шын мәнінде толық зерттеуден өте қоймады. Ғылыми кітаптар мен бірлі-екілі ғалымдардың пікірінде аталғаны болмаса, терең, әлемдік деңгейдегі зерттеу жүргізілмеді. Егер толық зерттеп, сырын ашар болса, тарихтың ашылмаған біраз парақтарын ақтаруға болар ма еді. Бұндағы пиктограмма мен петроглифтердің жәйден-жәй салынбағаны белгілі. Олар өз бойында неше мыңдаған ғасырлардың тарихын тұмшалап жатыр.

Аталған жерді 2003 жылы археолог Жолдасбек Құрманқұлов жетекшілік етіп, Жезқазған универсиететінің археологиялық-барлау экспедициясын ұйымдастырды. Ал 2004 жылы «Теректі әулие тылсымдары» атты фото-көрме өтті. Қазірде Теректі әулие Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарынан табылып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға