Жаңалықтар

Теміржол өткелдеріндегі жол апатына қашан тосқауыл қойылмақ?

Теміржол өткелдеріндегі жол апатына қашан тосқауыл қойылмақ?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 24.05.2023 12:22 1270

Соңғы кездері теміржолды кесіп өтетін ауыр және жеңіл автокөліктердің қатысуымен болып жатқан жол-көлік оқиғалары көбейді. Қазақстанның барлық өңірлерінде осындай апаттан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған азаматтарымыз түрлі жарақат алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Ол апаттардан ауыр және жеңіл көліктерге, теміржол составтарына тасмымалданатын жүктерге келтіріліп жатқан шығындар шаш етектен екенін айтты. Сондай-ақ депутат жол апатына қатысты деректермен бөлісті.

2022 жылғы қараша айының басында Жамбыл облысының Меркен ауданы Қарасу ауылының тұсында теміржол составы жеңіл автокөлікпен соғысып 6 адам қайтыс болды. Ал 21 қараша күні Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавловск – Кондратовка  теміржол өткелінде МАЗ жүк автомашинасының жүргізушісі жүк артылған вагонға соғылып мерт болды.

2023 жылдың қаңтар айының 23 күні Жетісу облысы Қаратал ауданы Қанабек ауылының тұсындағы теміржол өткелінде поезд тракторды соғып оның жүргізушісі қаза болды. Дәл осы жылдың ақпан айында Ақмола облысындағы Бурабай-Шортанды учаскесіндегі теміржол өткеліндегі апаттан жүргізуші мен 2 жолаушы қайтыс болып 3 азамат түрлі жарақат алған.

Ал ақпанның 20-ы күні Ақтөбе облысында Самара – Шымкент автожолы өтетін «Жазық» теміржол өткелінде автовоз теміржол составымен соқтығысып жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жетпей қайтыс болды. Нәтижесінде жүк көлікке артылған бірнеше көлік жарамсыз болып қалды.

Дәл осындай жағдай Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылын екіге бөліп тұрған теміржол көпірінде де орын алуда. Бұл ауылда 54 500-ге жуық адам тұрады. Жолдың бұл учаскесінде жылдан-жылға өсіп келе жатқан автокөлік ағыны жылына 8100 - ге жетіп, қарама-қарсы келген көліктер кезек-кезекпен өткендеріне қарамастан, теміржолдың екі жағында да көлік кептелісі туындап отыр. Жолдың бұл учаскесінде жол-көлік апаттары орын алып, жаяу жүргіншілер түрлі жарақаттар алып, қайғылы жағдайлардың жиі болатыны жасырын емес, - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, тек соңғы 3 жылда өткел маңында 12 жол-көлік оқиғасы орын алып, 3 адам қаза тапса, 7 адам әр - түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.

Автомобиль жолдары мен теміржолдары арқылы өтетін жүк тасымалдаудың, автокөлік санының артуы, теміржол өткелдерінің тозуы көліктің бұл түрлерінің қатысуымен болып жатқан апаттар, қайғылы  статистиканы көбейтпесе азайтпайтыны белгілі.

Жыл сайын азаматтарымызды жалмап, халық шаруашылығына, азаматтарымыздың мүлкіне келтіріп жатқан шығындарды болдырмайтын, теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысы – теміржол көпірін реттеудің басқа бір оңтайлы әрі көп шығынды қажет етпейтін жолын іздеу заман талабы. Аудан орталығындағы теміржолдың үстімен күн сайын әр түрлі маңызды жүктер мен жолаушылар тасымалдайтын 120 составты өтетінін, бұл проблема ауданның 60-қа тарта ірі және орта кәсіп субъектілері көрсететін қызметтер мен жеткізілетін тауарлар бағасына тікелей әсер ететінін ескерген дұрыс болар еді, - дейді Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, материалдық тұрғыда тозығы жетіп бетон қабырғалары жарылып тұрған көпірге күрделі жөндеу өткізіп, сол арқылы екі көлік сыйатындай етіп кеңейту керек екенін атап өтті. Бұл жоба әлдеқайда арзан, әрі қысқа мерзімде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жоғарыдағы мәселе бойынша, Жамбыл облысы әкімінің атынан «Қазақстан теміржолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ  басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа 2021 жылғы 15 мамырда хат жолданған болатын. Нәтижесінде арнайы комиссия Бауыржан Момышұлы ауылын аралап, көпірдің тозығы жеткендігін, пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін, көлік кептелісі орын алатындығын көзбен көріп, жобалық-сметалық құжат дайындау үшін техникалық тапсырма әзірлеу туралы ұсыныс берген, - деп нақтылады мәжілісмен.

Сондай-ақ «ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Урынбасаров құрылыс монтаждау жұмыстарына қажетті қаржы мәселесі 2022 жылғы бюджетті жоспарлауда қаралатыны туралы мәлімдеген болатын.

Алайда бүгінгі таңда, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін техникалық шарттары беріліп, бекітілгенімен оны әзірлеу үшін басқарма ішінде тиісті конкурс жарияланбаған. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарына берілген уәделердің дер кезінде орындалмайтынын білдіреді, - деп түйіндеді депутат.

Сөз соңында Мұқаш Ескендіров тиісті министрлікке және  «ҚТЖ»-ға осы мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға тапсырма беру керек екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға