Polisia.kz

Теміржол бойында мал жайған ақмолалық жауапқа тартылды

25.08.2025 05:17

Теміржол бойында мал жайғаны үшін Ақмола облысының тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Ақмола облысындағы "Қараадыр – Жалтыр" учаскесінде жүк пойызының машинисі теміржол бойында жүрген бір отар қойды байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болған. Алайда апаттың алдын алу мүмкін болмай, пойыз 21 қойды қағып өтті. Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы 19 минутқа тоқтады.

Көлік полицейлерінің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Астана стансасындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері үй жануарларын теміржол бойында баққан 40 жастағы Ақмола облысының тұрғынын анықтады. Азамат теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Полиция өкілі атап өткендей, үй жануарларының теміржол үстіне шығуы пойыз қозғалысына елеулі қауіп төндіреді, локомотивтің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Ал шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығына да қатер төндіріп, пойыз қозғалысы кестесінің бұзылуына себеп болады.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті үй жануарларын пойыз басып кетудің 827 дерегін тіркеді. Оның ішінде 166 бас жылқы, 82 бас ірі қара, 43 бас ұсақ мал және өзге де жануарлар бар. Осы уақыт ішінде теміржол аумағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін 305 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.