жеке мұрағат

Темірлан Зиналабдин: Суперкомпьютер - Қазақстан үшін маңызды қадам

10.07.2025 18:01

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында NVIDIA H200 негізіндегі қуатты суперкомпьютер ресми түрде іске қосылды. FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша секундына 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікке ие бұл жүйе Орталық Азиядағы ең озығы саналады.

Freedom Cloud компаниясының бас директоры, IT-сарапшы Темірлан Зиналабдин El.kz тілшісіне сұхбат беріп, бұл жобаны Қазақстанның цифрлық технологиялардағы өркендеуі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тарихи қадам деп бағалады. Оның айтуынша, суперкомпьютер елде нейрожелі шешімдерден бастап, биоинформатика мен климаттық модельдеуге дейінгі ауқымды зерттеу жұмыстарын жергілікті деңгейде жүргізуге жол ашады.

El.kz: Темірлан мырза, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елімізде алғаш рет суперкомпьютер іске қосылды. Аталмыш жобаға қатысты пікіріңіз қандай?

Темірлан Зиналадбин: Бұл оқиға - Қазақстанның цифрлық даму тарихындағы нағыз бетбұрыс сәт. Суперкомпьютерді жай ғана темір мен техника деп қарау қателік болар еді, ол - болашаққа жасалған ірі инвестиция. Оның өнімділігі 2 экзафлопсқа дейін жетеді, яғни бір секундта 2 квинтиллион операция орындай алады. Бұл көрсеткіш ТМД мен Орталық Азия аумағындағы ең қуатты есептеу жүйесі екенін айқын дәлелдейді. Мұндай деңгейдегі қуатты әдетте АҚШ, Қытай, Жапония сынды озық мемлекеттер пайдаланып келеді. Енді Қазақстан да солардың қатарына қадам басты.

Темірлан Зиналабдин: Суперкомпьютер - Қазақстан үшін маңызды қадам

Фото: жеке мұрағат

El.kz: Бұл суперкомпьютер еліміздің ІТ саласы мен цифрлық экожүйесіне нақты қандай мүмкіндіктер ашады?

Темірлан Зиналадбин: Ең алдымен, ол ғылым мен бизнесті жалғайтын көпір болады. Университеттер, зерттеу институттары, стартаптар мен ірі корпорациялар үлкен деректерді, нейрожелілерді, күрделі модельдеуді енді бұрынғыдай шетелдік ресурстарға тәуелді болмай-ақ өзімізде дамыта алады.

Сонымен қатар жасанды интеллект, биоинформатика, климаттық модельдеу, кванттық есептеу, тілдік модельдер сияқты бағыттарда отандық жобаларды әлдеқайда жылдам сынап, нарыққа шығаруға жол ашылады. Бұл тек мыңдаған сағаттық есептеу уақытын үнемдеумен шектелмей, қазақстандық шешімдердің жаһандық нарыққа шығу ықтималдығын да арттырады.

El.kz: Бұл қуатты жергілікті ІТ мамандары мен зерттеушілер қалай пайдалана алады?

Темірлан Зиналадбин: Суперкомпьютердің басты артықшылығы - оның ашықтығында. Ғылыми қауымдастық пен жеке сектор оған API мен арнайы платформалар арқылы қол жеткізе алады. Бұл Қазақстанда терең технопарктер мен дербес зерттеу хабтарын құруға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, енді біздің ғалымдар мен ІТ мамандар әлемдік деңгейдегі деректермен жұмыс істеп, беделді ғылыми журналдарда жарияланатын сапалы зерттеулер жасай алады.

El.kz:  Қазақстанның халықаралық нарықта бәсекеге түсуіне бұл қалай әсер етеді?

Темірлан Зиналадбин: Қазақстан бұған дейін көбіне тек технологиялық өнімдерді тұтынушы ел ретінде танылып келсе, енді өңірлік цифрлық хаб ретіндегі мәртебесін нақтылай бастады. Суперкомпьютер - бұл тек ішкі қажеттіліктер үшін емес, халықаралық серіктестерге де айқын сигнал.

Ірі технологиялық корпорациялар мен венчурлік қорлар әдетте инфрақұрылымы мықты елдерге назар аударады. Осы арқылы біз шетелдік инвестиция мен ғылыми ынтымақтастықты көбірек тартуға мүмкіндік аламыз. Сонымен бірге бұл Қазақстанға Орталық Азияда технологиялық көшбасшы атануға нақты жол ашады.

El.kz:  Сіз сарапшы ретінде болашаққа қандай болжам жасар едіңіз?

Темірлан Зиналадбин: Суперкомпьютер - технологиялық егемендіктің аса маңызды элементі. Қазіргі әлемде бәсеке кімде көп ресурс барға емес, кімде жақсы алгоритм мен тез есептеу қабілеті барға қарай жүріп жатыр.

Егер біз бұл инфрақұрылымды тиімді пайдалансақ - яғни білім беру, ғылым және бизнеске барынша қолжетімді етіп, нақты жобаларға бағыттасақ - Қазақстанның цифрлық индустрияда лайықты орнын иеленетініне сенімім зор. Өйткені болашақ дәл есеп пен дерекке сүйенген шешімдерге тәуелді болады. Ал суперкомпьютер - сол болашақтың кілті.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!