Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы үздік қақпашылардың үштігіне енді

Алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының тарихына енді. Ол беделді Sofascore статистикалық порталының ең жоғары бағасы – 10 баллды иеленген турнир тарихындағы бар-жоғы үшінші қақпашы атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тарихтағы үздік үштік

Sofascore-дың ресми Instagram парақшасы қазақстандық ойыншының жетістігін ерекше атап өтті:

Темірлан Анарбеков үшін «Пафоспен» өткен матч керемет болды! Ол жарақаты салдарынан алғашқы екі кездесуді өткізіп алған еді. Осылайша, 22 жастағы қазақстандық Чемпиондар лигасында дебют жасап, сонымен қатар 10 баллдық баға алған небәрі үшінші қақпашы атанды, – деп жазды Sofascore өкілдері.

Матч жайлы

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда «Қайрат» пен Кипрдің «Пафосы» 0:0 есебімен тең түсті. Бұл ойын Анарбеков үшін негізгі раундтағы алғашқы матч болды. Ол қарсыластың бес соққысын қайтарып, команданың ең үздік ойыншысы деп танылды.

Анықтама

Sofascore – Словакияда негізі қаланған халықаралық спорттық статистика платформасы. Портал әлем бойынша футболшылар мен клубтардың көрсеткіштерін нақты деректер арқылы бағалайды.