El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

«Телқоңыр»: Қосшыда І республикалық жас шеберлер байқауы өтті

19.03.2026 09:05

Биыл Қосшының қала статусын алғанына 5 жыл толды. Осыған орай «Саз аспаптар шеберлерінің одағы»  жергілікті әкімдікпен бірігіп, «Телқоңыр» І Республикалық домбыра жасаушы жас шеберлер байқауын ұйымдастырды. Екі-үш облысты былай қойғанда, байқауға еліміздің барлық өңірінен 70-ке жуық өтінім түсті. Наурызнама онкүндігіне тұпса-тұс келген іс-шара көптің есінде қалғаны анық.

Иә, бұл байқау шеберлерге де, әділқазы алқасына да оңай соқпады. Өйткені таңғы сағат 9-да басталған сайыс кешкі сағат 7-ге таяу аяқталды. 70-ке жуық өтінімнің ішінен 38 домбыра іріктеліп, І турға қатысты. Одан іріктелген 15 домбыра екінші кезеңге қатысты. Негізі, осы кезеңде жеңімпаздар анықталуы керек-ті. Алайда қазылар 8 домбыраны таңдап алдып, үшінші айналым жасады. 

Әр домбырада реттік нөмір бар

Қызығы сол, әр домбыраға реттік нөмір берілген. Қай домбыраны кімнің  жасағаны белгісіз. Тіпті, қатысушылар да аспаптың реттік нөмірін білмейді. Ұйымдастырушылар домбыраны таныстыру үшін  күйшілерді арнайы шақырған. Мысалы, бірінші кезеңде үш күйші алма-кезек 38 рет күй тартты.  

көрнекі домбыралар

Күләш Байсейітова атындағы өнер университетінің студенттері кештің көркін қыздырып, нағыз кәсіби маман екенін дәлелдеді. Асанәлі Әшім, Айшолпан Қасым бастаған қыз-жігіттер күні бойы күй тартудан жалыққан жоқ. 

күйші, бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері – Айшолпан Қасым

Түсінгеніміз, домбыра тарту бір бөлек, ішінен жақсысын тану тіпті қиын. Сөйтіп, байқаудың жүгі әділқазыға түсті. Атақты шебер Сұлтан Мұсаев бастаған қазыларға құлақ күйі келіскен, күмбірлеген домбыраны іріктеу оңай болған жоқ. Қазылар алқасының құрамында елге танымал шеберлер – Марат Бозымбаев пен Нұржан Ділманов,  дәулескер күйшілер – Жанғали Жүзбай мен Жұмабек Қадырқұлов, дәстүрлі әнші Айтбек Нығызбаев бар. 

қазылар алқасы, солдан оңға қарай: Жанғали Жүзбай (күйші), Сұлтан Мұсаев (шебер), Айтбек Нығызбаев (дәстүрлі әнші), Марат Бозымбаев (шебер) 

«Саз аспаптар шеберлерінің одағын» құрғаннан бастап осындай байқау өткізу туралы идея келген. Тек  жастардың арасында домбыра жасауға қызығушылықтың бар-жоғы, шеберлік өнер қалай дамып жатқаны қызықтырды. Осыны бағамдау барысында, талдап, анализ жасадық. Қатысушылар еліміздің түпкір-түпкірінен келді. Ішінде бала күнінен домбыра жасауды білетіні, жаңадан үйреніп жүргені де бар. Сондықтан еңбек өтіліне ешқандай шектеу қоймадық. Мақсатымыз жастар бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе алмасса дедік. Шарт бойынша, аспап жергілікті жерде өсетін ағаштан жасалуы керек. Екіншіден, қосымша техникалық құрал-жабдық қолдануға болмайды. Үшіншісі, бетқорған жасағанда сүйекті үгітіп, сүйектеу әдісін қолдануы керек. Қазір неше түрлі химиялық заттар бар. Ал  ата-бабамыз  сүйекті үгітіп отырып, домбыраның бетқорғанын сүйектеген. Осы дәстүрдің сақталғанын қаладық, – дейді «Саз аспаптар шеберлерінің одағы» РҚБ төрағасы  Еркебұлан Қайназар. 

Еркебұлан Қайназар. байқаудың ұйымдастырушысы, модератор 

Осылайша, ақтық сынға сегіз домбыра өтті. Жас шеберлердің өтінішімен күйші Асанәлі Әшім бір күйді сегіз рет тартты. Оған қоса қатысушылар өнерпаздан домбыраның дыбысын шығаруға күш салмай-ақ, бір темпен ойнауды өтінді. Олар ішінен «нағыз домбырадан күй төгіледі» деп ойлады-ау, білем. Өйткені бәйге аттарындай тыпыршып, мәре сызығын кім бірінші кесетінін білуге асық.

 Асанәлі Әшім, күйші
қазылар сегіз домбыраны қайта қарап, сыннан өткізді

Алда бұл байқау дәстүрлі түрде өтеді деп ойлаймын. Айта кетерлігі, іріктеуден өткен, жүлде алған домбыраның барлығы осы қалалық мәдениет үйіндегі креативті көрме залында тұрады. Алдағы уақытта, шілде айында Домбыра күініне қарсы домбыра мұражайын ашу жоспарда бар. Келушілер домбыраны ұтсап көрсе, тартса, аспапты жасаған шебер жайлы еркін ақпарат алса дейміз. Мұны Домбыра күні қарсаңында, қаламызың 5 жылдығына арнап өткіземіз, – дейді Қосшы қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы  

Айнагүл Көңбайқызы, Қосшы қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы  

Үшінші кезеңнен біткен соң қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтау үшін кеңесуге кетті. Сонда қатысушыларды әңгімеге тарттық. Әділетхан Әзіретханұлы өзі жасаған домбыраның қай  реттік нөмірде екенін бірінші кезеңде бірақ білген. 

жүлдегерлер белгілі болғанша, Қосшы қаласының өнерпаздары ән-күйден шашу шашты

Түркістанның тумасымын, елордада білім алып жүрмін. Қосшыдағы «Адырна»  шеберханасында жұмыс істеп жатқаныма 2 жылға жуық уақыт болды. Осы домбыраны жасауға 1 айдай уақыт кетті. Ережеге сай, отандық ағаштан ойдым. Қайың, соның ішінде бұйра қайыңнан жасадым. Мойны – қызыл ағаш, беті – шырша, құлағы – қызыл ағаш, тиегі – граб ағашы. Әуелде домбырамның қай нөмірді алғанын білмедім. Кейінірек, бірінші кезеңде 4 нөмірлі аспап көзіме оттай басылды, – дейді ол. 

Әділетхан Әбілхан, жас шебер

Сөйтіп, әділқазы алқасы І Телқоңыр байқауының бас жүлдесін Алматыдан келген шебер Айтуар Мөкүшке берді (1 млн теңге).  1 орын елордалық Бабыр Арғыновқа (700 мың теңге), 2 орын қызылордалық Ұлықбек Альпашқа  (500 мың теңге) бұйырды.  3-орын екі адамға – алматылық Асанхан Тотай  (350 мың теңге) мен  Мейрамбек Мамытқа (350 мың теңге) тең бөлінді. Одан бөлек  үш арнайы жүлде бар.  Астаналық Әділетхан Әбілханға,  Алматыдан келген Асылан Жаманбалинов мен Саят Әкімжанға 150  мың теңдеген берілді. Ал қалған 22 қатысушыға 100 мың теңгеден сыйақы берілді. Жүлдені Қосшы қаласы әкімдігі көтерді.

 Берген Жұмкейұлы, Қала әкімінің орынбасары

Кеш соңында Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы сөз алып, айрықша әсерленгенін, мұндай іс-шараны әрдайым қолдайтынын айтты. Жас шеберлерге ықыласын білдіріп, қазақпен тамырлас өнердің қазанында қайнап, қаймағын ілуді тапсырды. Артынша қатысушыларға алғысхатын табыстады.

байқаудың ең жас қатысушысы мектепте оқиды

 

Мәдени кешендегі креативті көрме залының бір бұрышы

 

Домбыра күніне қарсы экспонат көбейеді

 

Көрме залындағы әрбір дүниені Қосшыдағы ісмерлер тапсырған