freepik.com

Телефоныңыз ұрланса не істеу керек?

05.08.2025 12:31

Қазіргі заманда телефон – тек байланыс құралы емес, бүкіл өміріңіздің сандық көшірмесі. Ақшаңыз, суретіңіз, хат-хабар мен жеке құжаттарыңыз – бәрі бір құрылғыда. Ал сол құрылғы кенет қолды болса ше? Мұндайда байбалам салмай, нақты әрекетке көшкен абзал. El.kz интернет порталы ұялы телефоныңыз ұрланған жағдайда дереу атқарылуы тиіс маңызды шараларды ұсынады.

Ең алдымен, SIM-картаны бұғаттаңыз

Телефоныңыз қолды болса, бірінші кезекте жасалатын әрекет – SIM-картаны дереу бұғаттау. Себебі алаяқтар оны пайдаланып, сіздің атыңыздан бөтен нөмірлерге хабарласып, WhatsApp секілді мессенджерлер арқылы хат жазуы мүмкін. Одан бөлек, байланыс кітапшаңыздағы жақындарыңызға жалған ақпарат жіберіп, ақша сұрауы да ғажап емес. Бұған қоса, кейбір сілтемелер вирусты болып келеді – оларды ашқан адамның деректері де ұрының қолына түсуі мүмкін.

Осындай қауіптің алдын алу үшін бірден ұялы байланыс операторының call-орталығына хабарласып, нөміріңізді уақытша бұғаттауды сұраңыз. SIM-карта бұғатталған соң, ол нөмір арқылы қоңырау шалу, SMS жіберу шектеледі. Алаяқтар сіздің нөміріңізге келетін растау кодтарын да ала алмай қалады.

Содан кейін WhatsApp сияқты мессенджерлерді қайта тіркеу үшін сол нөмірге жаңа SIM-карта алып, тіркеуді жаңартыңыз. Мессенджерге қайта кірген сәтте ескі құрылғыдағы аккаунт автоматты түрде жүйеден шығады. Осыдан кейін екі факторлы аутентификация, Face ID, құпиясөз немесе саусақ ізі арқылы қосымша қорғаныс қойыңыз.

Құрылғыны қашықтан бұғаттаңыз

Қазіргі смартфондардың басым бөлігі қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік жоғалған немесе ұрланған телефонды қолына түсірген адамға құрылғыны пайдалануға жол бермейді. Егер сіз Android платформасын қолдансаңыз, Google-аккаунт арқылы «Құрылғыны табу» қызметіне кіріп, телефонды бұғаттап, барлық деректерді жоюға немесе жасырын көрсетуге болады. Сонымен қатар, экранға байланыс нөміріңізбен хабарлама қалдыру мүмкіндігі бар. Мысалы: «Телефонды тауып алған адам болсаңыз, осы нөмірге хабарласыңыз».

iPhone құрылғыларында бұл функция iCloud арқылы жүзеге асады. «Find my iPhone» қызметіне кіріп, «жоғалған режимді» қосыңыз. Құрылғыны құпиясөз арқылы бұғаттап, тауып алған адаммен байланысу үшін экранға хабарлама орнатуға болады. Бұл амалдардың бәрі құрылғыны қайтарып алу мүмкіндігін арттырады әрі бөтен адамның ақпаратқа қол жеткізуіне тосқауыл болады.

Құпиясөздерді өзгертіңіз

Телефон бұғатталған күннің өзінде, алаяқтар белгілі бір айла-шарғымен сіздің құрылғыңызға кіруі мүмкін. Әсіресе құпиясөз қойылмаған немесе тым қарапайым код қолданылған болса. Мұндай жағдайда олар поштаңызға, әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға, банк қосымшаларына кіріп кетуі ықтимал. Салдары – қаржылық шығын, жеке деректердің таралуы, тіпті бопсалауға дейін баруы мүмкін.

Осы қауіптің алдын алу үшін дереу барлық маңызды аккаунттардағы құпиясөздерді өзгертіңіз. Оның ішінде электронды пошта, әлеуметтік желілер (Instagram, Facebook, TikTok), банк қосымшалары, мемлекеттік қызметтер платформалары (мысалы, eGov) бар. Құпиясөздер әртүрлі, күрделі әрі жиі жаңартылып тұруы тиіс. Ең дұрысы – екі факторлы аутентификацияны қосып қою.

Полицияға хабарласыңыз

Телефон ұрлығы – қылмыс. Сондықтан сіз бұл жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз керек. Алдымен арыз жазыңыз. Ол үшін телефоныңыздың қорабын (IMEI-код жазылған), сатып алу чегін, кепілдік құжатын немесе келісімшартты жинап алыңыз. Арызда құрылғының нақты моделі мен IMEI нөмірін көрсетіп, қалай және қай жерде жоғалтқаныңызды толық сипаттап жазыңыз.

Арыздың көшірмесін өзіңізде қалдырыңыз – бұл арыз бергеніңіздің дәлелі болады. Кей жағдайларда полиция ұрланған құрылғыны табуға көмектесуі мүмкін. Ал IMEI-код арқылы ұрланған телефон табылған жағдайда оны қайтару ықтималдығы жоғары болады.

Банктер мен қаржы ұйымдарына ескертіңіз

Телефон жоғалғаннан кейінгі тағы бір маңызды қадам – банк карталарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. SIM-карта арқылы көптеген банктік операциялар расталатынын ескерсек, бұл – өте маңызды. Сол себепті өзіңіз қызметіне жүгінетін банктерге дереу хабарласып, жағдайды түсіндіріңіз. Картаңызды уақытша бұғаттатып, аккаунтқа бөгде адамның кірмегеніне көз жеткізіңіз.

Кей банктер смартфон арқылы онлайн-шоттарға кіретіндерге жеке қауіпсіздік шараларын ұсынады. Мұндайда банк менеджерінен нақты не істеуге болатынын сұраңыз. Қажет болса, жаңа құпиясөздер орнатыңыз немесе картаңызды ауыстырыңыз.

Телефонды қорғау жолдары

Телефон жоғалған жағдайда туындайтын қиындықтардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін алдын ала ұстанған жөн. Ең алдымен, құрылғыға биометриялық бұғаттау орнатыңыз. Атап айтқанда, бұл саусақ ізі, Face ID немесе сенімді PIN-код болуы мүмкін. Ешқашан «1234», «0000» сияқты жеңіл кодтарды қолданбаңыз.

Сонымен қатар антивирус қосымшасын орнатып, оны тұрақты түрде жаңартып отыру қажет. Бұл зиянды бағдарламалардан және күдікті сілтемелерден қорғайды. Құпиясөздерді SMS-хабарлама не жазба түрінде сақтамаңыз, арнайы құпиясөздер менеджерін пайдаланған дұрыс. Барлық платформада бірдей құпиясөз қолдану – үлкен қателік. Әр қосымшаға бөлек, күрделі код орнатыңыз. Қосымша қорғаныс үшін екі факторлы аутентификацияны міндетті түрде қосыңыз.

IMEI-кодты алдын ала сақтап қойыңыз

IMEI – әрбір ұялы телефонға берілетін бірегей сәйкестендіру нөмірі. Бұл нөмір ұрланған құрылғыны табуда полицияға және байланыс операторына өте қажет. Сондықтан телефон сатып алған сәттен бастап, оның қорабында жазылған IMEI-кодты бір жерге (қағазға немесе сенімді цифрлық жазбаға) сақтап қойған жөн. Егер қорабы болмаса, құрылғы мәзірінен *#06# теру арқылы IMEI нөмірін көре аласыз. Телефон ұрланған жағдайда бұл код арқылы оны желіден бұғаттауға және бақылауға мүмкіндік бар.

Google және Apple аккаунттарын қадағалаңыз

Смартфон пайдаланушылары құрылғыны алғаш іске қосқанда Android немесе iOS жүйесіне сәйкес Google немесе Apple ID арқылы тіркеледі. Бұл аккаунттар тек қосымшалар үшін ғана емес, құрылғының бүкіл жүйесіне кіру рұқсатын береді. Сондықтан телефон жоғалған сәтте бұл аккаунттардан кірген барлық құрылғыларды тексеріп, қажет болса – рұқсаттарды жойып, аккаунттан шығарып тастаңыз. Бұл үшін Google-да «Қауіпсіздік» бөліміне, Apple-да «Find My» мен «iCloud» параметрлеріне кіріңіз.

Телефон сақтандыруын қарастырыңыз

Көпшілік біле бермейтін, бірақ өте пайдалы мүмкіндік – телефонды сақтандыру. Әсіресе бағасы қымбат құрылғы иелері үшін бұл маңызды. Кейбір сақтандыру компаниялары ұрлық, жоғалту, зақымдану жағдайларын өтейді. Телефонды сатып аларда немесе кейінірек сақтандыру қызметіне жүгіну арқылы болашақта қаржылық шығындарды азайтуға болады. Шарттарын мұқият оқып, не өтелетінін анықтап алған жөн.

Жаңа құрылғыда деректерді қалпына келтіру кезінде абай болыңыз

Егер ескі телефон жоғалып, жаңа құрылғы алсаңыз – бұрынғы деректерді қалпына келтіру сәтінде тек ресми бұлтты сақтау жүйелерін (Google Drive, iCloud) пайдаланыңыз. Бөгде қолданбалар арқылы «backup» қалпына келтіру ұрланған деректердің қайта таралуына жол ашуы мүмкін. Сонымен қатар сақталған құпиясөздер мен банк карталарының тізімін тексеріп, қажетсіздерін өшіріп, жаңасын орнатқан дұрыс.

Балалар мен қарттардың телефонына ерекше назар аударыңыз

Жасы үлкен адамдар немесе балалар көбіне қауіпсіздік шараларын толық білмейді, алаяқтарға сеніп қалуы да мүмкін. Сондықтан олар пайдаланатын құрылғыларда қосымша бақылау орнатып, қажетсіз қосымшаларды алып тастап, шектеулі әрекеттер режимін енгізу пайдалы. Сонымен қатар оларға телефон жоғалған жағдайда не істеу керектігін алдын ала түсіндіріп қойған дұрыс.

Айта кетейік, мобильді байланыс үшін артық төлемді қалай азайтуға болатыны жайлы жазған едік.