Жаңалықтар

Телефон алаяқтарын қалай тануға болады

Телефон алаяқтарын қалай тануға болады
Фото: Pixabay.com 20.03.2024 19:09 877

Қазір қоғамда алаяқтықтың түр-түрі бар. Солардың ішінде әлі күнге дейін телефон алаяқтарынан алданатын адамдар көп. Олар қылмыскерлерге ақша аударып жатады, тіпті сол үшін несие алады. Алаяқтың арбауына түспей, әңгімелесу кезінде оны бірден қалай тануға болады? Stopfake.kz осы сауалға жан-жақты жауап іздеп көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алаяқтардың қоңырау шалу сценарийлері әртүрлі. Біз қазіргі уақытта Қазақстанда танымал «форматты» сипаттаймыз.

Кім қоңырау шалады

Көбінесе алаяқтар өздерін банк, полиция қызметкері немесе прокурор деп таныстырады.

Не туралы айтады

Алаяқтар әңгіме сенімсіз желі арқылы жүріп жатқанын айтып, «қорғалған» байланыс арнасына ауысуды жиі өтінетін болған. Мысалы, WhatsApp мессенджері арқылы видеоқоңырау шалады. Бұл ретте алаяқтар кадрда лауазымын растайтын «құжаттарды» көрсетеді. Бұл құжаттар жалған.

Егер әңгімелесуді жалғастырсаңыз, олар банктік шотыңызға қауіп төніп тұрғанын айтады. Мысалы, біреу ақшаңызды түгел шешіп алмақ немесе сіздің атыңызға қомақты сомаға несие рәсімдемек деп қорқытады.

Не ұсынады

Қаражатыңызды «қорғау» үшін «айна» шот ашып, барлық ақшаны сонда аудару, ал несиеге қатысты болса,  алаяқтардың әрекетіне жол бермес үшін «айналы өтінім» рәсімдеу ұсынылады.

Екі жағдайда да ақша қылмыскерлердің қалтасына түседі.

Неге назар аудару керек

Біріншіден, «айна шот» және «айналы несиелік өтінім» деген терминдер жоқ. Оларды тек алаяқтар ғана пайдаланады.

Екіншіден, банк қызметкері WhatsApp арқылы немесе шетелдік нөмірден мүлдем қоңырау шалмайды.

Үшіншіден, банк қызметкері ақша аударуды, несие рәсімдеуді, ақшаны шешіп алып, банкоматтан үшінші тараптың шотына салуды өтінбейді.

Төртіншіден, егер қоңырау шалушы өзін құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырса, полицейлер немесе прокурор учаскеге шақырмай және ресми хаттамаларды сақтамай Сізден ешқашан ақша аударуды сұрамайды.

Не істеу керек

Бірден телефонды қойыңыз. Алаяқтарға несие алып бергеннен гөрі дөрекі болып көрінгеніңіз жөн.

Қалай тексеруге болады

Егер күмәніңіз болса,  сайтта көрсетілген ресми нөмір бойынша банкке қоңырау шалып, қауіп жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Осылайша, жағдайдың мән-жайын анықтай аласыз.

Алаяқтардың сипатталған әдістерін естен шығармаңыздар және бұл туралы жақындарыңызға айтыңыздар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға