Теледидардың өзі баланың дамуын тежейді – невролог
Гаджеттер ғана емес, сонымен қатар жай қосулы тұрған теледидардың өзі баланың дамуын айтарлықтай баяулатуы мүмкін. Бұл туралы балалар неврологы Галина Неврюзина gazeta.ru порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, балаға көрсетіліп жатқан контент қана емес, жалпы кез келген қосулы экранның өзі әсер етеді. Тіпті бөлмеде жұмыс істеп тұрған теледидар да баланың айналасындағылармен қарым-қатынас жасау қажеттілігін азайтып, даму қарқынын төмендетеді.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері анықталды
- Ғалымдар планшеттің балалардың ұйқысына қалай әсер ететінін анықтады
Балалар ең жақсы нәтижені ойын кезінде – құрдастарымен немесе ересектермен қарым-қатынас жасағанда көрсетеді. Дәл осындай жағдайда ғана күрделі әрі мәнді дербес ойынға деген қызығушылығы қалыптасады, – деп түсіндірді маман.
Неврюзинаның сөзінше, сәбилерге арналған телебағдарламалардың барлығы бірдей пайдалы дей алмайсың, олар кейде дамуды кешеуілдетуі де мүмкін. Экран алдында өткізілген уақыт көбейген сайын сөйлеудің кешігуі, назар тапшылығы, оқуды меңгерудегі қиындықтар секілді мәселелердің қаупі артады.
Қазіргі таңда кішкентай балалардың миының дамуына экран алдындағы уақыттың кері әсерін дәлелдейтін деректер өте көп. Бала теледидар немесе компьютермен неғұрлым ерте және ұзақ байланысса, оның ақыл-ой және физикалық белсенділігі соғұрлым төмен болады. Ұзақ мерзімде бұл семіздікке, ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай балалар көбіне ашушаң болып, отбасы мүшелеріне де, бейтаныс адамдарға да агрессия көрсетуге бейім келеді, – деп ескертті дәрігер.
Маман атаған тағы бір мәселе – ата-аналардың гаджетке тәуелділігі. Ересектер телефонға үңіліп отырған кезде олардың балаға бөлетін назары мен қарым-қатынас сапасы айтарлықтай төмендейді.
Баламен сөйлесуге, ойнауға және оның сұрақтарына жауап беруге уақыт пен ниет болуы үшін ата-аналар ең алдымен өздерінің гаджетке тәуелділігін шектеуі керек, – деп қорытындылады Неврюзина.

