Телеарналар мен сайттар жасаған контентін сата алады
«Масс-медиа туралы» заң жобасында грант беру мәселесі де айтылған. Яғни, бұл бапта ештеңе көрсетілмеген және түсіндірілмеген. Сол үшін АҚДМ Қаржы министрлігімен бірлесіп бапты ашық жазыпты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған заң туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев онлайн жиында айтты.
Гранттардың бәрін жазып бердік. Оның екі түрі болады. Қысқа және ұзақ мерзімді грант беру. Ұзақ мерзімді гранттар отандық телесериялдарға арналған. Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселе заңда уәкілетті орган ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнамаға сәйкес, БАҚ үшін гранттар беру және өткізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді делінген. Осы туралы біз бәріміз айттық. Мемлекеттік тапсырысқа қарағанда біздің гранттық тетігіміз ашық болады. Оны заңда нақты жазып қойдық. Грант аясында арнайы тәуелсіз сараптама болады, – деді ол.
Сондай-ақ, тағы бір жақсы тетік бар. Бұл қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыста жоқ. Грантты қаржыландыру шеңберінде өндірілген өнімге айрықша авторлық және сабақтас құқықтар БАҚ тиесілі деген.
Бұл дегеніміз ертең телеарна, газеттер, интернет-сайттар, осы грант аясында контент жасағанда сол контентке құқықтары өздеріне қалады. Ертең контент жасағаннан кейін әсіресе, телеарналар контентті сата алады. Мұның бәрі жақсы тетік деп ойлаймыз, – деді ол.