Жаңалықтар

Тек пайдалы кітаптар жазатын автор

Мирас Кесебаймен сұқбат
Тек пайдалы кітаптар жазатын автор
21.07.2022 17:02 5709

Мирас Кесебай – Тәуелсіздік құрдасы. Оқу-білімге құштар, ізденісті жаны сүйетін жас. Онымен оқушы кезден таныспыз. Балалар мен жасөсіпірмдерге арналған «Ұлан» газетінің жас тілшісі болдық. Белсене жазатын, сауатты жазатын. Ол кезде қазіргідей смартфон, әлеуметтік желілер маңызды рөл атқармайтын. Жас тілшілер бір-бірімізге хат жазып, апта сайын, ай сайын почташыны күтіп жүретінбіз. Сонда басқа тілшілермен қатар, Мираспен де хат алмастық. Әр хаты эссе сияқты, шығарма сияқты көркем жазылатын. Барлық тілшілер соған таңғалатынбыз.

Мирас Күмісбайұлы 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Алматыға білім іздеп келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың маркетинг мамандығын бітірген.    Бүгінде SAMGA баспасы және KITAPAL.KZ интернет дүкенінде интернет-маркетолог болып жұмыс істейді. Копирайтер, SMM маманы. «Жылдам оқы. 5 есе тез әрі түсініп оқу тәсілдері» кітабының және курсының авторы. «2 айда ағылшын тілін үйрен» кітабының және курсының авторы. Бүгін біз оқырманға тек пайдалы кітап ұсынатын авторды таныстыруды жөн көрдік. Алдымен оқырманға маркетинг мамандығын бітіріп, баспа ісіне, кітап жазуға қалай келгені қызық болар деп, әңгімені осы төркіннен бастадық.

Тек пайдалы кітаптар жазатын автор

«Мен баспаның маркетингін жүргізуге келдім. Алдымен SMM-ді дамытып, ары қарай сайт, мобильді қосымша жасатып, CRM жүйесін орнаттық. Оқырманға сапалы қызмет көрсетуді мақсат еттік. Онымыз жақсы нәтиже берді. Алматы қаласынан төрт дүкен, өзге қалалардан франшиза, дистрибьюторлық орталықтар аштық. Миссиямыз – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру. Соған бірте-бірте жақындап келеміз.

Ал кітап жазуға келсек, оны жұмыстан тыс уақытта жазамын. Оның әрбірі оқырманның сұранысына қарай жазылды. Мысалы, алғашқы кітабым «Жылдам оқы» туралы айтсақ. Әріп танығалы көп кітап оқимын. Көп оқи бергендіктен, тез оқу дағдысы онсыз да қалыптасады. Университетте жүріп жылдам оқудың түрлі техникаларын үйрендім. Осы қабілетті үйретші деушілер өте көп болды. Көпшілігіне ауызша түсіндіремін. Бірақ онда қандай маңыз болсын? Ойлана келе неге барлық білетінімді кітап қылып бермеске деп шештім. Оқырманның алдында жауапкершілік сезініп, кітапқа шетелдік мамандардың техникаларын қостым. Оның ішінде: Тони Бьюзен, Питер Кэмп, Петр Палагин. Ой пайда боп, кітап жарыққа шыққанға дейін тұп-тура 12 ай уақыт өтті.

Жалпы әр адамның өзіндік миссиясы бар. Ол сол миссиясына қарай тартады да тұрады. Менің миссиям – халыққа пайдалы болу. Бұған кітап жазу арқылы жетуге талпынып жүрмін. Өйткені бойымдағы қабілет – жазу, түсіндіру, үйрету. Қашан өз қабілетіңе қарай және миссияң үшін жұмыс істейсің, сонда барлық іс жеңілдеп сала береді әрі сөнбейтін шабыт туады. Ондай адамға ешқайдан мотивация қажет емес», – дейді Мирас Кесебай.

Кез келген нәрсенің аудиториясы болары сөзсіз. Телеөнімнің аудиториясы, радионың тыңдарманы, газет-журналдың, кітаптың оқырманы деген сияқты. Осы орайда автор «пайдалы кітаптарды жазу үшін аудиториясын қалай зерттейді?», «жазатын кітаптың оқырманға пайдасы болатынын қалай анықтайды?» деген сияқты сұрақтардың туындауы заңдылық. Біздің кейіпкер аудиторияны алыстан іздемейді. айналасындағы жақындарының сұранысы арқылы, бүгінгі жастардың сұранысын қанағаттандыруға тырысады екен.

«Менің аудиториям – ең жақындарым, іні-қарындас, бауыр, достарым. Олардың әрқайсысы бүтін ұрпақтың атынан сөйлейді. Оның бірі ағылшын тілін үйретші деп кеңес сұраса, демек оның артында жүз мыңдаған дәл сондай жеткіншек тұр. Өзім танитын адамның дамуға деген мұқтаждығын шешіп берсем, пайдалы болсам, өзім танымайтын қаншама жастардың да мәселесі шешілгелі тұр.

Тек пайдалы кітаптар жазатын автор

Негізі қай кітап жазылу керектігі жүрегіме сездіріледі. Ойлана жүріп бірнеше кітаптың қаңқасын құрамын. Соның ішінен біреуі менмұндалап, дәл қазіргі уақытта бір дерттің шипасы болатындай ұмтылып тұрады. Кітаптардың ешбірін пәлен пайда әкеледі деп есеппен жазған емеспін. Және маңыздысы – өзім білетін, қолданатын қабілеттерге байланысты кітаптар шығардым», – дейді Мирас Күмісбайұлы.

Мирастың әр кітабы ерекше. Ол кітап жазып танылуды немесе бизнеске айналдыруды көздемейді. Оқырманға тек пайдалы кітап ұсынып, оның оң нәтиже беруін күтеді. Мирас Кесебай қалам тербеген әр тақырып, жазған әр кітап өзінше пайдалы әрі еліміздегі алғашқы нұсқа деуге болады. Автор жазған әр кітаптың ерекшелігі, не туралы, қалай жазылғаны, сұраныс қандай болғаны туралы кейіпкердің өзі былай деп әңгімелеп берді.

«Кітаптарды жарық көрген реттілігіне қарай айтайын. Алғаш жарық көргені жоғарыда айтқанымдай – «Жылдам оқы» кітабы. Қазақстанда бұл салада шыққан алғашқы кітап. Аты айтып тұрғандай тексті жылдам әрі түсініп оқудың әдістерін үйретеді. Әр әдістің түсіндірмесінен кейін жаттығу беріледі. Бізде мектепте әріп танытып, буынға бөліп оқуды үйреткен соң ары қарай жылдам оқуға болатынын айтпады. Адам баяу оқыған сайын кітапқа қызығушылығы азаяды, ұйқысы келеді. Жылдам оқу арқылы қажетті ақпаратқа ең қысқа уақытта қол жеткізесің.

Екінші кітабым – «2 айда ағылшын тілін үйрен». Бұл да елімізде ағылшын тілін жеке тәжірибесімен үйрететін алғашқы кітап. Мектептен ағылшыннан тек алфавит біліп шықтым. Университеттің бірінші курсында топтағы ең нашар студент болдым. Бір мұғалім соны бетіме басты. Намыстанып «Апай, қара да тұрыңыз, осыдан үш ай жазда оқып келмесем!» деп уәде бердім. Үш айдың алғашқысы әртүрлі методтарды салыстыруға кетті. Ақыры өзіме ұнамды, іш пыстырмайтын методты құрастырып алдым. 60 күн бойы күніне кемінде 1 сағат тапжылмай отырып дайындалдым. Қыркүйекте ешқандай ережені білмей-ақ еркін сөйледім. Сондағы деңгейім – pre-intermediate, яғни орташа деңгей. Мұғалім арнайы атымды атап, нәтижемді үлгі етті.

Осыдан кейін «маған да үйретші» деушілердің легі көп болды. Соларға үйрету үшін кітап жазу 12 жылдан соң нәсіп болды.

Үшінші кітабым – «Мені өзгерткен Рамазан». Бұл кітап – мінезді өзгерту, жақсы жаққа өзгеру, жаман мінезбен, әдетпен күресу, көркем мінезділікке ұмтылу жайлы. Мен ит мінезді адам болғанмын, сенбесеңіз анамнан сұраңыз. Тез ашуланғыш, істің байыбына бармайтын асығыс шешім шығарғыш, сабырсыз, ызақор, кекшіл, т.б. бір басыма жетіп артылатын кемшілік бар. Осының бәрін қалай өзгертті дейсіз ғой? Бәрі Рамазан айында басталды. 18 жасыма дейін өміріме үлгі болар адам іздеп таппадым. Сосын барып пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірбаянымен таныстым. Сол кісіге ұқсауға тырыстым. Мінезімнің өзгеруі сол сәттен басталды. Ылғи өзімнен есеп алып, жақсы мен жаман амалымды таразылып, қай істі не үшін жасағанымның себебін іздеуді әдетке айналдырдым. Белгілі бір деңгейді сезімдерімді басқаруды үйрендім.

Енді осы тәжірибемді ең жақын іні-қарындастарыммен бөліскім келді. Бір қызығы, бұл кітапқа көбіне жасы үлкен кісілер лебіз білдіреді. «Зейнетке шыққан жасымда өмірімді, мінезімді өзгертуге кірістім» деген жүрекжарды хабарларды оқығанда қуанғанымнан шүкір етемін.

Төртінші кітабым – «30 күнде ағылшын тілінде сөйле». Оны Шразаддин Каниязов екеуміз бірлесе шығардық. Екеуміздің тіл үйрену әдістерімізді біріктірдік, керемет үйлесім болды.

Бесінші кітабым – «Супержады. Есте сақтау қабілетін дамыту тәсілдері». Шынын айту керек, менің есте сақтау қабілетім нашар. Тез жаттай алмаймын, жаттағанымды тез ұмытамын. Бала кезден өзімше ақпаратты жаттаудың түрлі әдістерін ойлап таптым. Сөйтсем, олардың бәрі бұрыннан бар метод – мнемотехника екен. Мысалы, сандарға мағына беру (41 – Гитлер, 99 – Жамбыл, 91 – Қазақстан, 88 - ағам), сөзге мағына беру (левомицетин – левый Месси, Тина Канделаки), цифрға, әріпке мағына беру, сөз жаттау. Қарап тұрсам, Қазақстанда есте сақтау қабілетін дамытатын бірде-бір кітап жоқ екен. Бұл да өз саласындағы алғашқы кітап.

Жалпы кітаптарымның сатылымы 11 000 данадан асты. Сұраныс бірте-бірте өсіп келеді. Бұлар Қазақстандағы алғашқы кітап болғандықтан, кейбірі таңсық ретінде қарайды. Сол үшін бастапқыда жылдам оқып кетеріне, 60 күнде ағылшынша сөйлейтініне, есте сақтау қабілетін күшейтетініне, мінезін өзгертетініне сенбейді. Бірақ өзгелердің жеткен нәтижесіне, жетістігіне қарап, күмәні сейіліп, дамуға бет алады», – дейді Мирас.

Авторлың кітаптарын қарап отырсаңыз, бәрі оқулық. Яғни, ешбірі әдеби, мотивациялық кітап емес. Сондықтан оны әріп танитын бірінші сынып оқушысынан еңкейген қартқа дейін оқи береді. Бірақ негізгі басымдық жастарда. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары, студенттер жылдам оқуды, ағылшын тілінде сөйлеуді, есте сақтау қабілетін дамытуды, мінезін өзгертуді қалайды. Ал өзі оларға титтей де болса көмегі тиіп, пайдалы боп жатқанына қуанады. Оқырманының орташа жасы – 19-27 аралығы.

Ал бүгінгі таңда жастар кітап оқиды ма, оқыса қандай кітаптарға қызығады деген мәселе бүгінде көп талықланып та жүр. Мирастың пікірінше, бүгінгі жастардың кітапқа деген қызығушылығы мүлде басқа бағытта, өзге арнада көрінеді.

«Қазіргі жастарды Зумерлер деп атайды. Олар – көзін сенсорлы смартфонмен ашқан, өмірінің бір бөлігін әлеуметтік желіде жүргізетін ұрпақ. Олардың қалауы да басқаша. Әке-шешесінен тәуелсіз болғысы, тез ақша тапқысы, танымал блогерге айналғысы, өзін-өзі жетілдіргісі келеді. Сол үшін жеке даму тақырыбына арналған кітаптарды оқуды ұнатады. Өзін-өзі қалыптастырған бизнесмендердің өмірбаянын оқиды. Депрессиядан шығаратын, стресті жеңуге көмектесетін, өзін-өзі іздеуге бағыттайтын кітаптар да жастарда сұраныста жүр. Ал әдеби кітаптарды оқитындар өте сирек. Поэзияны мүлдем оқымайды деуге болады. Мүмкін бұл да цикл шығар», – дейді Мирас Күмісбайұлы.

   Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға