Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс – Тоқаев
Digital Bridge 2025 форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің адамзат өміріне ықпалына және оның дамуы барысында туындайтын әлеуметтік-мәдени сын-қатерлерге тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президенттің айтуынша, жаңа технология әділдікке негізделіп, барша қоғамның игілігі үшін қызмет етуі қажет.
Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы, – деді президент.
«Жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ»
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің табиғатына да ерекше тоқталды. Оның пікірінше, ЖИ аналитикалық және болжамдық қабілетке ие болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды.
Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек, – деді мемлекет басшысы.
Президент бұл тұрғыда философия, мәдениет және білімнің маңызы зор екенін атап өтті.
Адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады, – деді Тоқаев.
Сөз соңында мемлекет басшысы форум жұмысына табыс тілеп, жиын барысында құнды ой-пікірлер мен ұсыныстар айтылады деген сенім білдірді.

