Техникалық мамандықтарға қызығушылық артып келеді
Үкімет брифингінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловқа техникалық мамандықтар бойынша бөлінетін мемлекеттік гранттардың тиімділігіне және кадр даярлау ісінің үйлесімділігіне қатысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Журналист қоғамда инженер, геолог сияқты мамандықтарға қызығушылық артқанына қарамастан, кейбір түлектердің алған мамандығы сұранысқа сай болмай қалатынын, бұл еңбек және ғылым министрліктерінің өзара үйлестіруіндегі мәселе емес пе деген мәселені көтерді. Талғат Ешенқұлов бұл сұрақтың өте өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын бөлінетін мемлекеттік гранттар жұмыс күшіне деген нақты қажеттілікке сүйене отырып есептеледі.
Гранттар еңбек нарығына сұраныс негізінде бөлінеді. Бұл жұмысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып жүргіземіз. Биыл бакалавриатқа 77 мың, жалпы магистратура мендокторантураны қосқанда шамамен 90 мың мемлекеттік грант бөлінеді. Оның басым бөлігі – техникалық және әлеуметтік салаларға бағытталған, – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттардың игерілуіне қатысты да пікірбілдірді. Оның айтуынша, техникалық бағыттағы пәндер (физика, математика) бойынша ҰБТ тапсыруға ниетті түлектердің саны биыл ерекше артқан.
Биыл 189 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ-ғақұжат тапсырды. Соның ішінде ең көп таңдалған пәндер – физика мен математика. Бұл техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, техникалық бағыттағы білім алуға қызығушылық артқанына қарамастан, кейбір талапкерлердің шекті баллдан өте алмауы да жиі кездеседі. Осыған байланысты министрлік мектеп жасынан бастап кәсіби бағдар беру жұмыстарына басымдық беріп отыр.
Біз үшін маңыздысы – тек грант беру емес, сол грант иегерлерінің еңбек нарығындасұранысқа ие маман атануы. Сол себепті мектеп оқушыларына мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу, кәсіби бағдар беру – басты міндетіміздің бірі, – деді Ешенқұлов.
Оның айтуынша, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, түрлі бағдарламалар мен көрмелер арқылы оқушылардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру жалғасады.

