Артем Чурсинов

Тегін гүл, көшедегі әшекейлі айна: Астана 8 наурызды қалай атап өтеді?

05.03.2026 18:40

Елордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мәдени, спорттық, әлеуметтік және қайырымдылық бағытында бірнеше іс-шара өтеді.

5 наурыз күні:

Осы жолы Байқоңыр ауданында адам көп жиналатын жерде әшекейлі айналар қойылады. Ұйымдастырушылар  интерактивті инсталляцияны «Айнадағы ару» деп атаған. Ауданның адам көп жиналатын орындарында орнатылған әшекейлі айна арқылы сұлулыққа тамсанып, көңіл күйіңізді көтеріп қайтыңыз. Мерекелік іс-шара 5 наурыз күні өтеді.

Одан бөлек, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ұлттық сән үлгілерінің  Moda FEST дефилесі өтеді.

6 наурыз күні:

 Елордадағы Балалар көркемсурет мектебі ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін «Ананың бейнесі» атты республикалық онлайн сурет байқауы ұйымдастырады. Ендеше, әлемдегі ең асыл жанның бейнесіне балалардың көзімен қарап көріңіз.

Sintez ізденіс-эксперименттік театрының сахнасында «Арулар асыл жандар» атты поэзиялық кеш өтеді.

Өнер музейінде  «Анаға тағзым – аруға құрмет»  атты концерт ұйымдастырылады.

«Наз» мемлекеттік би театрының сахнасында «Аяулы ана» атты концерт өтеді.

Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында «О чем поют мужчины» атты концерт тағы бар.

7 наурыз күні:

Осы күні қала аумағында елорда тұрғындарына гүл тарату акциясы ұйымдастырылады.

«Жастар» театры «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарлама ұсынады.

Әзербайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Келіндер көтерілісі» спектаклі қойылады.

7 наурыз күні әлеуметтік желілерде «Жанымда жүр жақсы адам…» атты виртуалды көрме өтеді.

7-8 наурыз күндері Сарайшық ауданы аумағында тұрғындарға қызғалдақ тарату акциясы ұйымдастырылады.

Мереке құтты болсын, арулар!