Жаңалықтар

Tech Orda бағдарламасы бойынша тегін оқуға өтінім қабылдау басталды

Tech Orda бағдарламасы бойынша тегін оқуға өтінім қабылдау басталды
Фото: Tech Orda 31.08.2023 07:34 969

Tech Orda бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандық алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл  еліміздің 83 жетекші жеке ІТ-мектебі білім алушыларға 219 курс ұсынып отыр. Өтінімдер 2023 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады.

Astana Hub базасында іске асырыла бастаған Tech Orda бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы адами капиталдың дамуына бағытталған. Ол веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, Big Data және Blockchain салалары секілді басым секторлардың барлық спектрін қамтиды. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде өтеді, курс ұзақтығы - 6 айдан 2 жылға дейін.   

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  2025 жылға қарай елде 100 мың IT-маман даярлауды тапсырды.  Цифрлық саланың дамуына жауапты орган ретінде Tech Orda бағдарламасы аясында білікті кадр даярлауға маманданған отандық жеке IT-мектептер арқылы біз 20 мың IT-маман оқытуды жоспарлап отырмыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі  Бағдат Мусин.  

Биылғы жылдың нәтижелері  нарық қатысушыларының белсенділігінің өскенін, бәсекелестіктің көбейгенін және IT саласында білім беру сапасының артқанын көрсетеді. 2023 жылы Tech Orda бағдарламасына отандық ІТ-мектептерден 102 өтінім түсті, олардың 83-і таңдалды. Ал 2022 жылы тәуелсіз комиссия 71 өтінім қарастырып, 146 курс ұсынған 49 қатысушы-мектепті іріктеп алған болатын.

Tech Orda бағдарламасына қосылуды ниет еткендер үшін astanahub.com порталында мектептер мен курстардың толық тізімі жазылған ІТ-мектептер көрмесі бар. Өтінімдер 2023 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты таңдалған ІТ-мектепке немесе 2222 телефон нөміріне хабарласып білуге болады.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Tech Orda бағдарламасының пилоттық жобасы Қазақстан бойынша 100 студентті қамтып, әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. 2022 жылы Tech Orda бағдарламасының ауқымы кеңейіп, 3 мыңнан астам қазақстандық азамат тегін оқуға ваучер алды. Биыл да Tech Orda  бағдарламасы бойынша ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарды игеру үшін 3 мыңға тарта ваучер бөлінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға