Жаңалықтар

Театрдағы бір күн

Театр тынысы туралы репортаж
07.10.2015 06:13 10447

Сәні мен салтанаты келіскен «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының мен мұндалап тұрған әсем ғимаратына тамсанбайтын адам жоқ шығар, сірә. Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы Корольдік опера, Мәскеудегі Үлкен театр, Нью-Йорктегі Метрополитен-опера сынды атақты театрлардың қатарынан орын алған мәдениет ордасының Астананың төрінде бой көтеруі – кез-келген қазақтың көңіліне мақтаныш ұялатары сөзсіз. Біз опера және балет театрының бір күндік тынысымен жақынырақ танысып, ондағы сахнадан тыс өмірдің бояуына қанығу мақсатында театр табалдырығын аттадық.  

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Бізді жылы шыраймен қарсы алған баспасөз қызметінің мамандары алдымен балет бишілері дайындалып жатқан залға алып барды.

Театрдағы бір күн

Тұрсынбек Нұрқалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ балетінің директоры бас балетмейстері

Театрдағы балет труппасының жұмысы таңғы сағат 10-нан басталып, кешкі тоғызға дейін жүреді. Осылайша балет әртісі күніне он сағат репетиция жасайды. (Олар аптасына бір күн және жылына бір рет демалысқа шығады). Бұл – әртістің дайындығы нығайып, кәсіби біліктілігі өсу үшін керек нәрсе. Әртістердің кәсіби шеберлігі өссе, театрдың беделі өседі.

«Астана Опера бишілері әлем бойынша ең жас труппа болып саналады»

Бүгінгі таңда театрдың труппасында 92 балет бишісі бар. Жас ерекшелігі 17 жастан басталып, 28 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Әлемдік деңгейде айтар болсам, біздің театр бишілері ең жас труппа болып саналады.  Ал, кәсіби тұрғыдан ең мықты труппалар қатарында. Жалпы алғанда, қазақ балетінің мектебі кейінгі 25 жылдың ішінде қалыптасты. Бізде қазақы бағыт бар.

Театрдағы бір күн

Тұрсынбек ағаның айтуынша, опера және балет театры бишілерінің арасында дүниежүзілік сахнаны бағындырып, әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген талантты бишілер бар. Мәселен, Мадина Баспаеваны Францияның «Бордо» театры  өнер көрсетуге шақырып тұрады. Ал, Әйгерім Бекетаева – атақты ресейлік хореограф Борис Эйфманның труппасына шақыртылған тұңғыш шетелдік балерина. Мұнымен қатар «Астана Опера» театрында Жандос Әубәкіров, Тайыр Гатауов, Гауһар Усина, Әнел Рүстемова секілді талантты шәкірттер еңбек етуде. «Бұл – қазақ балеті бишілерінің деңгейі өскенінің бір дәлелі», – дейді бас балетмейстер. 

Айгерім Бекетаева

Әнел Рүстемова

Соңғы 2 жылдың ішінде аты танылған талантты бишілердің бірі – Бақтияр Адамжан. Арам Хачатурянның «Спартак» балетінде Спартактың рөлін сәтті сомдаған биші.

Бақтияр Адамжан

Біз театр ішіндегі экскурсиямызды жалғастырып, жетекші солист Гауһар Усина дайындық жүргізіп жатқан залға бет бұрдық.

Театрдағы бір күн

Гауһар Усина ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» балетінің жетекші солисті

Мен балет өнеріне кездейсоқ келген адаммын. Мені ата-анам кішкентай кезімде музыка мектебіне берген. Әкем Алматыдағы А.В. Селезнев атындағы хореографиялық училищенің көркемдік жетекшісі болған, анам да биші болды. Олар балет бишісінің тағдыры қиын болатынын, және өнердің жолы ауыр екенін білсе керек, мені балет мектебіне бергісі келмепті. Алайда, бір күні мені қалдыратын адам болмай, әкем өзімен бірге жұмысқа алып барды. Міне осы сәттен бастап менің биге деген құштарлығым оянып, болашағымды балет саласымен байланыстыруды армандадым.

Театрдағы бір күн

Әрине оқу процесі оңай болған жоқ, балет өнерінің қиын екенін өсе келе түсіндім. Ата-анама айтар алғысым шексіз, оқу орнын үздік бағаға тәмамдап, осы саладағы еңбек жолым бастау алды. Кейін Мәскеуде 5 жыл жұмыс жасадым. Сол уақыт аралығында би өнеріндегі серігім екеуіміз Ресей публикасы мен шет елдік көрерменді өнерімізбен тәнті еттік. Бұл кезең әрине мен үшін өнерде кәсіби тұрғыдан шыңдалуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасады. Бірақ, мен іштей үнемі өз елімді қатты сағынып, қалайда кері елге оралуды ойлап жүретінмін. 2005 жылы бізді «Ұйқыдағы ару» спектаклінде билеп, Елбасының алдында өнер көрсетуге шақырды. Әрине, біз бірден келістік. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілікті жүктеген, өте маңызды қойылым болды. Сол жылы бізді Күләш Бәйсейітова ат. театрға қызметке шақырды. Міне содан бері Қазақ балет сахнасында қызметімді жалғастырып келемін.

«Балет бишілері бала тумайды деген түсінік қате»

Театрдағы бір күн

– Гауһар, халық арасында балет бишілері бала тумайды деген түсінік бар. Сол рас па?

– Бұл өтірік. Аллаға шүкір мен құрсақ көтеріп, балалы болдым, ұлым бар. Әрине жүктіліктен кейін сахнаға қайта оралу оңай болған жоқ. Маған қайта қалыпқа келу үшін 1 жыл уақыт кетті. Бір жылдан кейін жұмысқа шығып, үздіксіз дайындық жұмыстары, еселенген еңбек, төгілген тердің арқасында сахнаға қайта оралдым.

– Үнемі диета ұстайсыздар ма?

– Жоқ, мен тамақ жегенді қатты жақсы көремін. Дайындық барысында біз көп энергия жұмсаймыз, соған сәйкес күш-қуат керек. Жегім келген тамақ түрлерінің барлығын шектеусіз жей беремін. Сондықтан, балет бишілері тамақ ішпей, диета ұстап, аш жүреді деген түсініктен аулақ болған жөн.

Театрдағы бір күн

Балет бишілерінің дайындығынан кейін біз бірқатар цехтарды аралауға кірістік. Біздің сапарымыз көрнекті композиторларымыз Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің музыкалық туындысы (либретто авторы – М. Әуезов) «Абай» операсына қызу дайындық кезеңіне тұспа-тұс келді. Спектакльдің қоюшы режиссері – Джанкарло дель Монако. Астаналық театрда алғаш рет сахналанған әлемдік деңгейдегі қойылымға сахнада өнер көрсететін әртістерден тыс қаншама адамдардың еңбегі сіңгенін көрдік.

Театрдағы бір күн 

Алдымен бутафория цехына кіріп, ондағы мамандардың жұмысымен таныстық. Цехтағы қызметкерлер сахнада «Абай» операсына қолданылатын заттардың соңғы бөлшектерін жасап жатыр екен.

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Гүлнар Айгелдина, реквизиторлық цехтың меңгерушісі

Бізге бутафория цехында әзірленген сахнаға керекті дайын заттар өткізіледі. Реквизиторлар спектакльге қатысатын сахналық элементтерді рет-ретімен әртістерге үлестіріп тұрамыз.

Театрдағы бір күн

Реквизиторлық цехтан кейін біз тігін цехына бет алдық. Тігіншілердің жұмыс бөлмесіне барсақ, олар «Абай» операсына керекті костюмдерді аяқтап, сақтау бөліміне жөнелткенін айтты. Яғни театрда қойылатын әрбір қойылымға керекті әртістердің костюмдері осы тігін цехында өмірге келеді. «Абай» операсында әртістер киген сахналық костюмдер Италия елінен арнайы шақырылған костюм жөніндегі суретші Франка Скуарчапиноның жетекшілігімен әзірленгенін айта кеткен жөн. Өзінің еңбектері үшін аты шулы «Оскар» сыйлығын жеңіп алған суретші, ең алдымен, қазақтың ұлттық бас киімдері мен оқалы етіктерінің эскизіне ерекше мән беріпті. Өзі қазақтың ұлттық киімдерімен танысарда мұражай мен кітапханалардағы ескі суреттер мен деректердің көмегіне жүгінген.

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Тігін цехынан кейін біз киелі сахна төріне беттедік. «Абай» операсының өтуіне санаулы ғана сәттер қалған тұс болатын. Сахнадағы дайындық жұмыстары да қарқынды жүріп жатты. «Абай» премьерасында 3D технологиясының көмегімен жасалған бейнеинсталляциялар көпшіліктің таңдайын қақтырған еді. Спектакльдің сценографиялық безендірілуін қазақстандық және итальяндық шеберлер – заманымыздың аса көрнекті сценографы Эцио Фриджерио жасағанын ерекше атап өткен жөн.

Театрдағы бір күн

Сахнадағы қызу дайындыққа куә болғаннан кейін, «Астана Опера» театрының концертмейстері Үмбетәлиева Долорес ханыммен жүздестік.

Театрдағы бір күн

– Театрда қызмет жасау өте қызықты, – дейді ол. – Кез-келген мамандық тәжірибені, үздіксіз еңбекті қажет ететін болса, мұнда да дәл сондай талап бар. Әншілермен жұмыс жасаймыз. Біздегі жастардың деңгейі мықты, тек өз елімізде ғана емес, шет елдерде де оларға сұраныс мықты. Әдетте әрбір концертмейстердің қарамағында алты адамнан дайындалады.  Әбір әншіге уақыт бөлу – үлкен еңбек пен физикалық күшті қажет етеді. Әрқайсысымен жеке дайындалу да өте қызық. Солисттермен жұмыс жасаймыз. Партияларды үйренеміз, қайталаймыз, өйткені жатқа білуіміз керек. Бұған қоса концерттерге дайындаламыз. Концерттердің бағыты классикадан бастап джаз бағыты бойынша өрбиді. Музыкалық бағыт та әртүрлі, стилі де әртүрлі болуы мүмкін. Түрлі концерттерде композиторлардың стилистикасын жеткізу үлкен еңбекті талап етеді.

Театрдағы бір күн

Долорес ханыммен жүздескеннен кейін, театрдың маңызды бір бөлшегі – грим жасайтын бөлмеге аяңдадық. Бұл «Абай» қойылымының премьерасы алдындағы жауапты күні болғандықтан, әртістер сахнаға шығу үшін беттеріне грим жасатып жатыр екен. Біз «Абай» қойылымында Жиреншенің рөлін сомдайтын әртіс Евгений Чайниковке грим жасап жатқан сәтке куә болдық.

««Абай» операсы қарсаңында әрбір персонаждың бейнесін жасау үшін «Абай жолы» кітабының екі томын оқып шықтым.»

 

Театрдағы бір күн

Зарина Аймұханова, гример

«Абай» операсының қарсаңында әрбір персонаждың бейнесін жасау үшін  мен «Абай жолы» кітабының екі томын оқып шықтым. Сонымен қатар режиссер ақылын айтып, өз ойын қосады, әрбір кейіпкерді елестетіп, оны ойша жетілдіреміз. Әртістің жас ерекшелігін, мінез-құлқын зерттейміз.

Театрдағы бір күн

Зарина Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Театрда 3 жылдан бері қызмет етіп жүр.

– Зарина, осы уақытқа дейін қаншама кейіпкерді жасап, талай әртістің бетіне грим жасадыңыз. Олардың арасында сізге ерекше әсер қалдырған бейне болды ма?

– Иә, әрине. Мен өз жұмысымды үлкен ықыласпен атқарамын. «Бақшасарай бұрқағы» балетінде Герей ханның кейіпін жасау барысында ерекше әсерге бөлендім. Сол қойылымдағы өзге де кейіпкерлерге грим жасау мен үшін өте қызықты болды. Кейбір әртістерге мұрын жасап, түр-келбетін түбегейлі өзгерту барысында өз жұмысымды өзге қырынан танып, қызығушылығым арта түсті.

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

Театрдағы бір күн

P.S. Еліміздің бас шаһары – Астана төрінде қазақ өнерінің жауһарына айналған киелі өнер ордасы жоғары талғам мен кәсіби шеберлікті паш етіп, шедевр қойылымдарымен халықтың жүрегінен орын ала беретініне сенімдіміз. Өйткені мұнда төгілген тер мен еңбектің мөлшері өлшеусіз. Театр қабырғасында саналы ғұмырын «өнер» атты биік ұғымға арнаған нағыз талант иелері еңбектенуде. Бір күнгі экскурсия арқылы бүкіл бір театрдың тіршілігіне қанықтық деуден аулақпыз, әрине. Дегенмен, театр тынысының бір күндік келбеті, өнер айдынының мөлдір әрі тұнық екенін тағы бір мәрте айшықтап бергендей.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға