Арман Мухатов

Театр тоғыстырған тағдырлар: бір ұжымдағы отбасылар сахнада өнер көрсетті

18.03.2026 17:15

Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында Наурызнама онкүндігі аясында «Бақытты шаңырақ жыры» атты мәдени іс-шара өтті. Бұл кеш көрерменге ерекше әсер сыйлады. 17 наурыз – Шаңырақ күніне арналған іс-шарада театрда қызмет ететін жас отбасылар сахнаға шығып, ән айтып, өлең оқып, өз өнерлерін көрсетті. Кештің басты идеясы – отбасы құндылығын дәріптеу.

Бұл театрдың бір ерекшелігі – мұнда бірге жұмыс істеп жүріп, кейін шаңырақ көтерген жұптар көп. Театр ұжымының айтуынша, бүгінде осындай 19 жұп бар. Солардың бірқатары осы кеште өнер көрсетті. Әндер жанды дауыста орындалып, көрермен жылы қабылдады. 

Өмірде де, өнерде де қол ұстасқан жұптар

Жас отбасы – Айдос Амандық пен Айдана Болат

Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров Наурыз мерекесі соңғы жылдары жаңа форматта атап өтіліп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен үшінші жыл қатарынан 14-23 наурыз аралығы Наурызнама ретінде тойланып келеді. Бүгін – Шаңырақ күні. Біздің театрда бір-бірімен танысып, кейін отбасын құрған жұптар көп. Сондықтан бұл тақырып бізге жақын. Бүгінгі кеште айтылатын әндер мен өлеңдердің бәрі шаңырақ, махаббат, отбасы туралы, – деді театр директоры.

Өнер иелері жанды дауыста ән шырқады
 Өнерлі жұп – Қазыбек Есқара мен Гүлдана Әлиханқызы

Кеште өнер көрсеткендердің бірі – театр актерлері Қазыбек Есқара мен Гүлдана Әлиханқызы. Олар сахнада Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың поэзиясын біріктіріп орындады. 

Қазыбек Есқараның айтуынша, олардың отбасы да өнер ортасында қалыптасқан.

Фотода Қазыбек Есқара

Келіншегім Гүлдана да осы театрда жұмыс істейді. Екеуміздің шаңырақ көтергенімізге жеті жыл болды. Бұған дейін басқа театрларда бірге жұмыс істеп, сол жерде таныстық. Қазір бір қызымыз бар, бұйыртса, жақында бір жасқа толады. Бүгін көрерменге поэзия мен ән арқылы жақсы көңіл күй сыйлағымыз келді, – дейді актер.

Ал актриса Гүлдана Әлиханқызы отбасының маңызы туралы айтты.

Фотода Гүлдана Әлиханқызы

«Отан отбасынан басталады». Адамның өміріндегі көп нәрсе отбасына байланысты. Біз өзіміз жас отбасы болғандықтан, осы құндылықтарды көрсетуге тырысамыз. Өнер ортасында жүрген үлгілі отбасыларға қарап бой түзейміз. Әр шаңырақта бақыт пен махаббат көп болсын деп тілейміз, – деді ол.

Дәстүрлі ән шырқалды

Кеш барысында дәстүрлі әндер де, заманауи шығармалар да орындалды. Арасында шетелдік композициялар да болды. Барлығы жанды дауыста айтылды.

Көрермен риза болып қайтты

Іс-шара соңында көрермендер сахнадағы өнерпаздарға ұзақ қол соғып, ризашылығын білдірді. Көпшілігі бұл кештің тек концерт емес, отбасылық құндылықтарды дәріптеген мәдени кездесу болғанын айтты.