Музыкалық жас көрермен театры

Театр күні: Астанада көруге тұрарлық бес спектакль

27.03.2026 17:30

Бүгін – Халықаралық театр күні. Қазір елімізде 74 кәсіби театр жұмыс істейді. Басым бөлігі мемлекет меншігінде болғанымен, арасында жеке театрлар да бар. Халық арда өнердің құнын біліп, бағалап жүр. Театрға ағылатын жастар көбейгені тағы  бар. Осы орайда елорда жастарына көруге тұрарлық бес спектакльді ұсынамыз.

 

«Шәмші», Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры

фото: Қалекей театры

«Вальс королі» атанған ұлы композитор қиялы нені аңсады, жаны неден күйзелді, неге құстай талпынды?! Дәл осы туындыдан жоғарыдағы сұрақтарға жауап тауып қайтасыз. Актер Нұркен Өтеуіловтың актерлік шеберлігі сізді Шәмші әлеміне апарып, аңызға айналған әндердің шығу тарихын тарқатады. Эстетикалық кештен құр қалмаңыз!

 

«Асауға тұсау», Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры

Gov.kz

Әрине, осы материалды дайындау барысында көрермен пікірін де ескердік. Өйткені «Жастар» театрында көруге кеңес беретіндей туынды жеткілікті. Десе де көрермен әлеуметтік желіде «Асауға тұсау» қойылымы жайында көп пікір қалдырған. Біз де жастарды 2014 жылдан бері сахнадан түспеген спектакльдің сырын біліп қайтуға шақырамыз.

 

«Сәйгүлік», Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры

Фото: Ә.Мәмбетов театрының баспасөз қызметі

Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына құрылған қойылым көптің жүрегін жаулады. Жақында театр ұжымы осы спектакльмен  гастрольге шығып, ел ішін аралады. Әсіресе, жастар әлеуметтік желіде «Сәйгүлік» әнінің шығу тарихы туралы жазып, тойда шырқамауға шақырғаны бар. Ақынның жан сыры ақтарылатын қойылымды алдағы жексенбіде тамашалауға болады.

 

«Гауһартас», Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» 

ticketon.kz

Аталған қойылымға билет таппай жүрген көрермен қаншама?! Рас, «Гауһартастың»  2023 жылдан бері аншлагсыз өткен күні жоқ. Көрерменнің қойылымды жылы қабылдағаны соншалық әлі күнге трендтен түспеді. Қайсы әлеуметтік желіге кірсеңіз де қойылымның өміршең болмысы сөз болады.  Сол үшін 2,5 сағат уақытыңызды қиып, Салтанаттың тағдырына налып, актерлік құрамның шеберлігіне қол соғып қайтыңыз.

 

Muzart муздрамасы, Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Түркістан музыкалық-драма театры» 

ticketon.kz

Иә, «Музарт» тобының 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс дүниеге келген муздрама Астанаға келді. Түркістан театры ұжымы қойылымды 28 наурыз күні Қалибек Қуанышбаев атындағы  драма театрда сахналайды. Жаңа дүниенің бағасын беріп, рухани кештен ләззат алып қайтыңыз.