Жаңалықтар

Тазы мен төбетті сақтау және көбейту бойынша заң жобасы әзірленді

Заң 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді
Тазы мен төбетті сақтау және көбейту бойынша заң жобасы әзірленді
Фото: aikyn.kz 16.11.2022 18:47 2937

Қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және көбейту мәселелеріне қатысты заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінде жұмыс тобында қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz

«Мамандардың пікірінше, бүгінгі таңда қазақы тазы және төбет тұқымының тазалығын сақтауға қатысты қиындықтар бар және бұл ит тұқымдарының жойылу қаупі сақталып тұр. Бұл тұрғыда генофонд жағдайын бағалау мен олардың генетикалық профилін құру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізудің заңнамалық тәртібінің жоқтығы кері әсер етіп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттық корпус қазақы тазы мен төбетті сақтау және көбейту туралы заң жобасын әзірледі», - делінген комитет мәліметінде.

Заң жобасы осы саладағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттарын белгілеу арқылы аталған ит тұқымдарының сақталуы мен көбейту саласындағы субъектілердің қызметін құқықтық реттеуде кешенді қадамдарды қамтып отыр.

Осы орайда қазақы ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің стандарты пайда болады. Бұл ит тұқымдарын сақтау және оларды көбейту саласындағы қызметті заң жобасына сәйкес жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да жүзеге асыра алады. Заң 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға