8 Шілде 2025, 17:18

ТАЗАЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН ЕРАСЫЛ

 Атырау облысы, Мақат ауданының кішкентай тұрғыны – Ерасыл есімді балақай жастығына қарамастан, туған жердің тазалығы үшін көпке үлгі боларлықтай іс жасап жүр.

Атасының тәрбиесін көрген ол ойын алаңында асыр салып қана қоймай, артын жинап-тазалап жүретін әдетімен көпке танылып үлгерген. Оның бұл сүйкімді әрекетін бірнеше рет байқаған тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Оқырмандар жас баланың жанашырлығына тәнті болып, алғысын жаудырып жатыр. Күні кеше тазалыққа жаны құмар Ерасыл Асланұлының сол бір бейнежазбасын аудан әкімі Азамат Мәмбетов те көріп, қабылдауға шақырыпты. Кездесу кезінде бүлдіршіннің бұл ісі – үлкендерге ой саларлық игі бастама екендігін жеткізіп, Ерасылдың ата-анасы мен оқушының игі ісін әлеуметтік желі арқылы насихаттаған жандарға арнайы алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті. Сондай-ақ, туған өлкесінің тазалығына жанашырлық танытып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын тек бір реттік шара емес екендігін дәлелдеген Ерасылға да алғыс хат табыстап, естелік сыйлықты тарту етті. Айта кетейік, Биыл “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ел көлемінде республикалық және халықаралық деңгейде 573 экологиялық іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 189 мың тонна қоқыс қалдығы жиналып, 2 миллионнан аса ағаш отырғызылды.