Жаңалықтар

Таза такси

Таза қала - таза ауладан, таза санадан бастау алады
Таза такси
17.08.2018 10:56 6452

Қоқыс төгуге барғанда жиі көретін көріністерімнің бірі қоқыс жәшіктерінде жатқан ескі теледидар, шаңсорғыштардың, түрлі тұрмыстық техникалардың жатуы. Оны тек менің ғана көрмегенім анық. Осыны оқып отырған әрбіріңіз көрген боларсыздар. Бірақ, бұл қалдықтардың қайда баратынына бас қатыра қоймаймыз. «Айдалаға апарып төгіп тастар, көміп тастар» деп ойлаймыз. Сол айдаланың да өз даламыз екенін, көмілген дүниелердің өзімізге, ұрпағымызға зиянын тигізетінін көбіне ойламаймыз.

2019 жылдың басынан бастап дәл осындай тұрмыстық техникалар қалдықтары қоқыс төгу аймақтарына төгілмейтін болады. Яғни, қайта өңделіп, басқаша бір сипатта адамзатқа өз пайдасын тигізе бермекші. Сонымен, бұл мәселелерді шешу жайымен болса да қолға алына басталды.

Маусым айының 2-жұлдызында Астана қаласы әкімдігі мен Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің операторы ЖШС ұйымдастыруымен Эко Асар "Vпереработку!"  акциясы өткен болатын. Шара аясында істен шыққан тұрмыстық электр техникаларын тегін алып кететін жаңа экологиялық «Cleаn taxi»  жобасы таныстырылған. Қалдықты бөліп тастау жөніндегі пилоттық жобаны қолдауға қаланың жүздеген тұрғыны қатысқан екен. Олар шыны (100 келі), пластик бөтелкелер (120 келі), макулатура (405 келі), сынапты шамдар (85 келі) мен батареялар (14 келі), істен шыққан тұрмыстық техникалар мен электронды құралдарды (300 келі) - бас-аяғы 1044 келі қалдықты қайта өңдеуге және жоюға өткізген. Жиналған қалдықтар Астана қаласындағы қайта өңдеу зауытына жіберілген болатын.

Көкейдегі сауалдардың жауабын Сlean Taxi әлеуметтік жобасының жетекшісі Рыскүл Есдәулетова ханыммен тілдескенімізде тапқандай болдық. «Астана қаласында пилоттық жоба ретінде 2018-жылдың, 2-маусымында ашылдық. Тұрғындардың ескі техникаларын  жинайтын көліктеріміздің өзі  электр күшімен жүреді. Әзірге қызметімізді Астана қаласында ғана сынап көріп жатырмыз. Жобамыз сәтті болып жатқан жағдайда бұл жобаны еліміздің басқа да ірі қалаларында жүзеге асыратын боламыз.

Клиент хабарласқан соң, біздің машинамыз келіп, техниканы алып кетеді. Такси қызметіне сіз ақы төлемейсіз. Осылайша, уақытыңыз бен ақшаңызды үнемдейсіз. Сіз қатты тұрмыстық қалдықтарды өткізу арқылы әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесіп, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бересіз. Барлық жиналған қалдықтар әлеуметтік әлсіз топтардың көмегімен өңделеді.

Қазір қала тұрғындары біздің қызметіміз жайлы құлақдар бола бастаған тәрізді. Себебі, күн санап клиенттер артып келе жатыр. Бізге қоңырау шалушы мекен-жайынан бөлек тапсырғысы келетін затының атауын, көлемін, салмағын шашамен айтуы керек. Біздің операторлар қажетті ақпаратты жазып алған соң, қандай көлікті жіберетініміз белгілі болады. Бүгінгі күні ең көп қабылданып жатқан қалдықтар үй компьютерлері мен қысқатолқынды пештер, тоңазтқыштар» деп сөзін түйіндейді еліміздің экологиясына жан-тәнімен алаңдап қана қоймай, үлкен қадамдар жасап жатқан маман.

«Қаламызда мұндай қызметтің ашылғанын мен эко асар акциясына барған кезімде білдім. Сол жерде олардың визиткасын алып алдым. Аздаған уақыттан соң мен үйдегі қажетсіз заттарымды осы такси арқылы қайта өңдеуге тапсырдым. Атап айтар болсам  ескі смартфонымды, ескі үй телефонын және бір электр шәйнегімді тапсырдым.Такси қызметкерлері жылдам келді. Адамдармен сөйлесу мәдениеттері де ұнады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартып жатқандарын естігенде көзіме жас келді» дейді осы қызметті алғаш болып пайдаланушылардың бірі Әлия Капетқызы.

Қоғамға, айналамызға пайда келтіру үшін міндетті түрде тау қопарып, аспанды төңкерудің қажеті жоқ. Осындай қарапайым істерді күнделікті өмірімізге енгізте алсақ айналамызға, елімізге тигізген үлкен үлес сол болар еді.

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға