«Таза Қазақстан» акциясы: Қандай жұмыстар атқарылды?
Бүгінде Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында көптеген жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарат Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай, аталған акция тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама болып отыр.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты.
Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет, - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ акция аясында елімізде жиналған қалдықтардың 35%-ы қайта өңделді. Қалдықтарды өңдеу бойынша жұмыс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 10%-ға өсті. 1500 жаңа қалдық жинау контейнерлері орнатылып, 50 жаңа қалдық өңдеу зауыты іске қосылды.
Оған қоса 3000-ға жуық қоғамдық орын, оның ішінде саябақтар, көшелер, және басқа да инфрақұрылымдық объектілер тазартылды.
2024 жылы 2,5 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 20%-ға өсті. 200 гектар аумақ көгалдандырылып, жаңа саябақтар мен жасыл аймақтар құрылды.
500-ден астам семинарлар мен тренингтер өткізілді, оған 30 мыңнан астам адам қатысты. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 100-ден астам ақпараттық науқан ұйымдастырылды.
Акция барысында 30 мыңнан астам еріктілер белсенді түрде қатысты. 200-ден астам қоғамдық шара, соның ішінде экологиялық флешмобтар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
2024 жылғы «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық тазалық пен қоршаған ортаны қорғауға үлкен үлес қосты. Акция барысында атқарылған жұмыстар мен көрсетілген нәтижелер табиғаттың жай-күйін жақсартуға бағытталған нақты қадамдар екенін көрсетті.