Жаңалықтар

«Таза қала» жобасы Шымкентте: көшелер, жасыл желектер, халық мәдениеті

«Таза қала» жобасы Шымкентте: көшелер, жасыл желектер, халық мәдениеті
Фото: Jibek Joly 07.06.2024 22:42 729

Президент Телерадиокешенінің «Таза қала» жобасы Қазақстан қалаларының экологиялық жай-күйі жөнінде репортаждар сериясын бастайды. Өйткені дамыған елді, көркейген қаланы анықтайтын басты критерийлердің бірі – экологиялық ахуал. Алғашқы аялдама – Қазақстанның ірі мегаполистерінің бірі – шырайлы Шымкент, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барады және әрқайсысының тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Әр шығарылымда тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын береді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік береді.

Бағдарлама шығарылымдары «Jibek Joly» телеарнасының эфирінен көрсетіледі, ал Kazinform агенттігінің сайтында фото және видеорепортаждар сериясы шығады.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Жасыл желек 4 миллионнан асады

«Шымкент» атауы кей деректерде «жасыл қала», «көк жайлау» деген мағына береді. Бір жылдағы 365 күннің 300-і шуақты. Содан болар, шаһар атуын айтқанда «шырайлы» сөзі қатар жүреді. Ал оның тазалығын сақтап, сәулеті мен көркін ажарландыра түсуге тұрақты өтіп жатқан экологиялық акциялардың әсері тіпті зор. Мұнда 13 саябақ, 45 гүлзар мен аллея бар. Орман бақтары, саябақтар, скверлер, гүлзарлар 6 мың гектар аумақты алып жатыр. Алысқа бармай, Шымкент әуежайынан шыққанда-ақ, саялы көлеңкесі бар саябаққа тап боласыз. Қала қонақтары әуежайдан шығып, шаһарға баруға асыға қоймайды. Жақында ғана жөндеуден өткен теміржол вокзалы да гүлмен көмкеріліп тұр.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly
саябақ
Фото: Jibek Joly

Уақыт тауып қала көшелеріндегі әрбір ағашты санап шықсаңыз төрт миллионға дейін жетесіз. Әсіресе, үйеңкі, шаған, қызыл жапырақты пиисарди, Қырым қарағайын көп кезіктіруге болады. Қазақы ою-өрнек эскизінде көшелер қызыл сальвия, лимонды тагетис секілді гүлдермен көмкерілген. Шымкент логотипінде бейнеленген қызғалдақтың саны миллионнан асады. Өткен жылы Президенттің 5 жылда орман алқабында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш көшетін отырғызу тапсырмасымен қаладағы орман қорына 60 мың көшет, көшелерге – 120 мың көшет отырғызылған. Биылғы ағаш егу маусымында орман қорына тағы 20 мың көшет қосылды, ал жоспардың басым бөлігі – 120 мың көшет күз мезгілінде егіледі.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Мәселен, Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта ағаштың 560 түрін тамашалауға болады. 1979 жылға дейін бұл аумақта қаланың қоқыс күресіні ғана бар еді. Сол кездегі Шымкент обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бар қоқысты тазартып, болашақ саябақтың алғашқы шыбығын өзі еккен көрінеді. Жай саябақ емес, Орта Азия, Қырым, Еуропа, Кавказ, Қиыр Шығыс, Сібір, Шығыс Азия, Солтүстік Америкадан 560 түрлі ағаш түрі әкелінген дендрарий ашуды көздеген. Олардың біразы топырақты жерсінбеді, біразы бүгінгі күнге дейін жетті. Атап айтқанда, солтүстікамерикалық Қызғалдақ ағашын тек қана осы саябақтан тамашалауға болады. Оның гүлі кәдімгі қызғалдаққа ұқсайды. Одан бөлек, талшын, жөке, Сиверс алмасы, тораңғы, арша, көк шырша секілді сирек кездесетін ағаштар күтіп-бапталады. Қазіргі уақытта 117 гектарға созылған бұл жасыл белдеу қаланың көркіне де, экологиясына да үлкен септігін тигізуде.

Оңтүстік тұрғындарында тал егу мәдениеті жоғары

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

«Таза қала» тележобасында Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы, көшелердегі тазалық пен тәртіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетіне баса мән беріледі. Қаланың жаңа аудандары, тозығы жеткен тұрғын алаптары, тазалыққа бей-жай қарамайтын белсенді тұрғындар мен құлық танытпағандар да боямасыз қаз-қалпында көрсетіледі.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Шымкентте еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тазалыққа бейім бе деп ойладық. Халық көп жүретін саябақта тәй-тәй басқан бүлдіршіннің қоқысты арнайы жәшікке тастағанын көрсек, ауласын жаңартып, сырлап жүрген Илья атай тазалық үшін қатты алаңдайды. Мұндағы гүлзар да қарияның қолынан шыққан. Дегенмен бәріне өзі ғана жүгіріп жүргініне өкпелі. Көршілері еш қолдау көрсетпейтінін айтып шағымдануда.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Айта кетейік, «Таза қала» тележобасында Жайдарман жұлдызы, актер Қанат Тасхан, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл Шымкент экологиясы мен өздерінің сүйікті орындары туралы әңгімелейді.

«Өзіме Абай саябағы қатты ұнайды. Жаттығу жасап, серуендеуге жиі барамын. Қазір Шымкент қаласының ауыр атлетика мектебінде жұмыс істеймін. Спорт кешенінің ауласын тазартамыз, ағаш егеміз, балаларды тазалыққа шақырамыз. 2010 жылы жасөспірімдер олимпиадасына Сингапур қаласына барғанмын. Сонда қаланың тазалығын көріп, қатты әсер алған едім. Сондай жақсы деңгейге ұмтылу керек, ұмытылып та келеміз. Сенбілікке жиі шығамыз – бұл еліміз бен жеріміз үшін үлкен құрмет, игі іс деп ойлаймын. Оңтүстіктің адамдарына тал егу, гүл егу еш қиын емес. Кейбір көпқабатты үй алдындағы ағаштарды егуге өзім көмектескенмін. Өз жерімізді өзіміз көркейтуіміз керек», - дейді ауыр атлет Жазира Жаппарқұл.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Қоқыс шығару ісінде қиындық бар

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Қаланың ескі бөлігінің бірі – «Зеленая балка» аталып кеткен Көксай-1, Көксай-2 шағынаудандары. Ғасырдан астам тарихы бар шағынаудан әбден ескіріп, инфрақұрылымы тозған. Құлауға шақ қалған үйлер мен шашылған қоқыстың шаһарға сән бермейтіні анық. Әр үйден аққан кәріз суы ортақ көшелердегі арыққа түсіп, иістеніп жатыр. Қоқыс аптасына бір-ақ рет әкетіледі, кейде көлік сынып қалса, тұтас шағынауданның тұрмыстық қалдығы 2-3 аптада бір жиналатын көрінеді. Ал жергілікті әкімдік 15 жылдан бері бұл ескі үйлерді сүріп, жаңа заманауи аумақ жасаймыз деп құрғақ уәде беріп келеді.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly
Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Шымкенттің жаңа баспаналарының бірінде де қоқыс контейнерлері аузы-мұрнына дейін толып тұр. Өйткені қалалық коммуналдық қызмет 10 күннен бері қоқысты алып кетпеген. Тұрғындардың айтуынша, үш жыл бұрын салынған жаңа үйдің қасбеті құлап, іргесі ажырап, жертөлесіне қар мен жаңбырдың суы жиналып қалады. Құрылыс компаниясы үй айналасындағы жолды қазып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Алайда іс аяқсыз қалып, жол жабыны қалпына келмеген, салдарынан коммуналдық қызмет көлігі үй аумағына кіре де алмайды. Коммуналдық қызмет те, мердігер де мәселені қалай шешетінін нақты айтпаған. Бұл үйдің сырт келбетіне зиянын тигізіп, қала эстетикасына кері әсерін тигізіп тұр.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly
Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Жалпы Шымкенттің қатты тұрмыстық қалдықтары Ақтас-1 елді мекеніндегі полигонға жеткізіледі. Бұл полигонға күніне 600-700 тонна тұрмыстық қалдық келіп түседі. Онда қайта өңделетін заттар (пластик, шыны ыдыстар, қағаз және картон, металл) сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Қалған аралас қоқыс полигонға көміледі. Мәселен шымкенттік «ЕвроКристалл» кәсіпорны жыл сайын қаладан шығатын 8,5 мың тонна шыны қалдығын өңдейді. Нәтижесінде зауыт 200 мл-ден 3 литрге дейін түрлі формадағы сапалы шыны ыдыстарын жасап шығарады. Оның ішінде консервілеуге арналған банкалар, шырын, сыра, сода, шарап, ликер-арақ өнімдеріне арналған бөтелкелер бар. Бұл бұйымдар Қазақстан мен көршілес елдердің өңдеу және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылуда.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

Сарапшылар не дейді

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

«Таза қала» бағдарламасында қос жүргізуші қаланың жақсы және кемшін тұстарын ашық көрсетті. Бұл деректер сарапшыларға тапсырылды. Мамандар қала көшелеріндегі тазалық, коммуналдық қызмет жұмысы, жасыл желек егу, тұрғындардың мәдениеті, қаланың жалпы эстетикасы секілді бес кретирийге сүйене отырып, он баллдық жүйемен бағалайды.

Осылайша «Таза қала» жобасының Шымкент қаласындағы түсірілімін Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, эколог Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева көрді және қаланың экологиялық ахуалына өз бағаларын берді. Әсіресе сарапшылар қалала қоқыс жәшіктері аз екенін, сол себепті тұрғындар қалдықты көшеге тастауға мәжбүр екенін атап өтті. Халық көп жүретін орындарда әрбір 20-30 метрде қоқыс тастайтын жәшік болуы керек.

Jibek Joly
Фото: Jibek Joly

«Шымкент – өте тез, қарқынды дамып келе жатқан қала. Мұндағы жасыл желектің саны да қуантады. Он ұпай қоймаған себебім – кәріз жүйесінде және қатты тұрмыстық қалдықты шығаруда олқы тұстарының болуы», - деді эколог Сәбит Қашқынбаев.

Нәтижесінде «Таза қала» рейтингінде Шымкент қаласы 18 ұпайға ие болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға