Жаңалықтар

Тәуелсіздік пен ұлттық валюта – ажырамас ұғым

Теңгені цифрландырудың басты ерекшелігі, банктер арасындағы жүргізілетін қаржылық аударымдар жылдамдайды
Тәуелсіздік пен ұлттық валюта – ажырамас ұғым
Фото: жеке мұрағат 15.11.2022 12:33 2920

15 қараша – ұлттық валютаның ресми түрде айналымға енген күні. Бұл күн мемлекетіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап қуанған күн. Осыдан 29 жыл бұрын 1993 жылы қазақ елі рубльден бас тартып, төл теңгесін енгізді. Еліміздің даму көзі ұлттық валюта мен ел экономикасы туралы ой-пікірін білу мақсатында белгілі экономист Бауыржан Мұратбекұлымен сұхбаттасқан едік.

Әлемдік нарықта экономика өте тұрақсыз болып тұр. Салынған түрлі санкцияға байланысты қаржы нарығы да өзгеруде. Біздің елдегі экономикалық жағдай қандай?

Қазақстан әлемдік сауда ұйымына мүше және көрші бес мемлекетпен Еуразиялық экономикалық Одақтың мүшесі болғасын біз әлемдік интеграциядан тыс қалмаймыз. Дәл қазір экономикалық өсім 3,2 пайыз деп есептелініп отыр. 2023 жылы шамамен 4 пайызды құрайды деген болжам бар. Қытайдың философтары «бір елдегі үлкен дағдарыс қалған екі-үш мемлекетке үлкен мүмкіндік әкеледі» деп айтады. Сол үшін елімізде негізгі басты бағыт осы бір дағдарысты өзінің есебіне қарай жүргізе білуі керек. Қазақстан айырбас бағанының құбылуына және әлемдік бағаның күрт көтерілуіне қатысты сыртқы жағдайға бейімделді. Қазір логистикалық тізбекті қалпына келтіруге белсенді кірісіп жатқанын байқап отырмыз. Қазақстанның негізгі кіріс бөлігін қалыптастыратын мұнайдың транзиті 85-90 пайызға дейін тасымалдау құбыры арқылы Ресейге жіберілетін болса, санкцияның кезінде және әртүрлі жағдайға байланысты тасымалға да өзінің кері әсерін тигізді. Қазіргі уақытта көрші Әзірбайжан және басқа да Еуропадағы мемлекеттерге шығу туралы логистиканың альтернативасын қалыптастырып жатқанымыздың өзі дұрыс шешім деп айтуға болады.

Сондай-ақ, алпауыт ел Қытаймен арадағы саяси байланыс өте жоғары. Бірақ Қытай елі қазір нөлдік төзімділік саясатын қолдана бастады. Осындай саясаттың әсерінен қатаң шектеулер қойылуда. Осының өзі біздің елімізге әсер етуде. Қытайдың арзан тауарына және экспорттық экспанциясына жұтылып кетуінің алдын алуға мүмкіндік. Осы уақытта экономикаға оң әсері бар, жеңіл өнеркәсіп, әлі де игерілмей жатқан салаға тың серпін беретін жағдайларды мүкіндігінше қолданып алуымыз қажет. Мұны ескеріп, экономикалық жоспарға енгізетін болсақ, ел экономикасы да тұрақты дамиды.

– Бүгінгі нарықта ұлттық теңгеміз Ресей рубліне қарағанда құнсыздау. Оның себебі неде?

Қазіргі уақытта Ресей мен Қазақстан валюта нарығында парадокстік жағдай қалыптасып отыр. Теңгенің құны рубльге қарағанда төмендеу. Рубль әртүрлі санкцияға байланысты құны қымбаттап жатыр. Дәл қазіргі уақытта Ресей әлемдік экономикадан тыс қалып отырған мемлекет. Оған геосаяси факторлар әсерін тигізуде. Тығырыққа тірелген Ресей елі өзінің ұлттық валютасы рубльді құтқару үшін әртүрлі көмек көрсетуден бастады. Бірінші кезекте, импорттық тауары мұнайды және газды тек қана рубльмен сатуды қолданды. Дәл осы саясат өзінің тарихи миссиясын орындады. Бүгінде сол жасаған іс-әрекеті керісінше әсерін тигізетіндей жағдайға әкеліп отыр. Оны тоқтатуға Ресей тарапынан нәтиже беретіндей жұмыстар жасалынып жатыр деп айта алмаймын.

Рубльдің қымбаттауының бір себебі, сырттан ешқандай да фактор әсер етпеуде. Ал теңге еркін айналымда. Бірақ сыртқы факторлардың көп әсерінен бағасының төмендеуіне алып келді. Рубль қандай да бір сыртқы бәсекеге түспегесін өсіп отыр. Біздің қазіргі теңгенің бағасының әртүрлі мемлекеттің импортына тәуелділігіміз  және экспорттық тауардың әлемге доллармен сатылатындығы өз әсерін тигізеді. Ал рубль ешқандай да бәсекеге түсіп отырған жоқ. Қазіргі таңда рубль басқа мемлекетке қатысты қымбаттап жатқандығының бір белгісі.

Ресейде рубльдің шарықтауы өздеріне пайда әкелмейді. Олардың экспорттық кірісі төмендеп кетті. Бір кездері мұнайын әлемдік нарыққа доллармен сатса, қазір рубльмен саудалағасын экспорттық потенциялына кері ықпал етуде.

Бір доллардың 50 рубль тұруының өзі сол елдің экономикасына өте қауіпті деп экономистер дабыл қағуда. Себебі, рубльдің тым нығайып кетуінен отандық экспорты бәсекеге қабілетін жоғалтады. Яғни, елде өнім өндіру өте тиімсіз және қымбат. Рубльмен өндіргендіктен, отандық тауар өндірушілері қымбат рубльмен өнімдерін өндіргесін қымбатқа сатылуда. Көрші Қытайдан арзан тауар әкеліп сату тиімдірек болуда. Бұл өз кезегінде бюджеттің қысқаруына алып келеді. Осындай себепке байланысты рубльдің бағасы да қымбаттауда. Бағасы белгілі бір шегіне жетті. Енді импорттық ішкі тауар өндірушілеріне ыңғайлы болу үшін сол нарықтың бағасымен қайта төмендеуі керек.

– Бізде сыртқа шығатын мұнай, шикізат өнімдері тек доллармен есептеледі. Бұл қаншалықты дұрыс?

Бұл саясатты қолдаймын. Өйткені, тәжірибені көріп отырмыз. Ресей сияқты өзінің рублімен сатқандай, бізде теңгемен сататындай шешім шығаратын болсақ, одан түсетін табыстың көлемі күрт төмендейді. Өйткені, теңгенің құны долларға қарағанда 1 доллар 480-490-ға дейін жетті. Салыстырып қарайтын болсақ, сол үшін де доллармен сату макроэкномика үшін тиімді. Яғни, қымбат валютаға сатып, ол біздің бюджетімізге теңге болып түскен кезде оның еселене түсетіні анық. Біздің экспортқа шығатын тауар қымбат валютамен сатылған сайын бізге түсетін түсім де жоғары болады. Доллардың қымбаттағанының бір тиімділігі бюджеттің жалпы 55-60 пайызға дейінгі мөлшерін құрайтын экспорттық тауардың түсімі өз кезегінде Ұлттық қордың да қаражатының көбеюіне әкеледі. Кіріс бөлікке өте ыңғайлы болмақ.

Ел Тәуелсіздігінің базалық көрсеткішін саяси және экономикалық тұрғыдан оның ұлттық валютасы айқындайды. Бізде теңге. Теңгенің болашағы және ел экономикасына ықпалы жайында айта кетсеңіз.

Бір жылдың өзінде базалық ставканы төрт рет көтердік. Яғни, бұған тікелей әсер еткен қыркүйек айындағы жылдық инфляцияның көлемінің 17,2 пайызға дейін қымбаттауы себеп. Базалық мөлшерлемеге әсер ететіні несиенің құнына және екінші деңгейдегі банктердің депозиттік құнына тікелей байланысты. Базалық мөлшердің өсуі нарыққа белгілі бір сигнал болып есептеледі. Халықта ұлттық валюта да немесе басқа да банкте депозиті болатын болса, оның ставкасы жоғарлайды сәйкесінше, несиенің де жылдық мөлшері көтеріледі. Адам несиені аз ала бастайды. Бұл бір несиенің көп алып кетуіне де тосқауыл болатындай мүмкіндік.

Мұның да бір қауіпі бар. Тек бір жақты ғана қарастыруға болмайды. Экономикалық өсімді тежейді. Несиенің қымбаттауы, сәйкесінше бір бизнестің және өндірістің ашылуына да кері әсер етеді. Ұлттық банктің бұған қолданатын негізгі шарасы үкіметпен бірлесіп жұмыс жасауы тиіс. Ұлттық банк базалық мөлшерді көтеру арқылы мәселенің себебі емес салдарымен күресуде. Алдымен себебін анықтау қажет. Себебі не? Бұл біздің экономиканың әлі де импортқа тәуелділігі соның кесірінен бізден шығатын тауар мен отандық өнімді пайдаланғаннан көрі, сырттан келетін тауарды жиі қолдануымыздың өзі ақша құнының және инфляцияның төмендеуіне алып келді. Сол үшін ұлттық банк үкіметпен тікелей кешенді бағдарлама әзірлеу қажет. Қандай да бір әрекет арқылы инфляцияны тежей аламыз. Екіарада ауызбіршіліктің болмауының өзі айналып келгенде базалық мөлшердің жоғарлауына әсер етті. Бірінші жұмыссыздықпен күресіп, экономикалық өсімді қалыптастыратын отандық тауарды өндіруіміз қажет. Осындай жағдай болғанда ғана базалық мөлшер төмендейді. Қазіргі таңда желтоқсан айында тағы да базалық мөлшердің өсуі мүмкін деген сөз бар. Яғни, алдындағы жасаған іс-шараның көңіл көншітерлік нәтижесі жоқ дегенді білдіреді.

– Заманның талабына қарай көптеген салада цифрландыру жұмыстары қарқынды жүруде. Теңгені цифрландыруға көзқарасыңыз қандай?

– Ұлттық банк теңгені цифрландырудың пилоттық жобасын аяқтап жатыр. Ең басты ерекшелігі, банктер арасындағы жүргізілетін қаржылық аударымдар жылдамдайды. Әртүрлі комиссиялық шығынның көлемі төмендейді. Бізде төлем қолма-қол және қолма-қолсыз деп бөлінетін болса, валютаның үшінші түрі цифрландыру келіп жатыр. Яғни, интернетсіз де кез келген төлемді қолма-қолсыз жүзеге асыруға болады. Қазіргі таңда әлемнің көптеген банкі соның ішінде, Қытайда цифрлық юанмен жұмыс істеуде. Бірақ криптовалюта және цифрлық теңге өзінің нақты мәртебесін анықтаған жоқ. Нарықтағы алғаш жұмыс жасайтындарға үлкен шығын әкелуі мүмкін.

Әлі де зерттеуді қажет етеді. Криптовалюта күрделі төлемнің оның ішінде біздегі дәстүрлі қаржылық иниституттың қатысуынсыз жұмыс жасауын жеңілдетеді. Егер төлем жасайтын кезде  міндетті түрде банкке барып солар арқылы аударым істейтін болсақ, бұл жерде ондай қажеттілік болмайды. Ақшаның барлық функциясын игере алады деп айтуға болады.

Бізде цифрлық теңге енетін болса, Ұлттық банктің құрамына және бақылауына ену керек. Яғни, Ұлттық банк цифрлық теңгенің эмиссиясына да кепіл болу қажет. Сол арқылы бұған сенім білдіре аламыз.

Тағы бір басты артықшылығы, әртүрлі жасанды ақшалар мен алаяқтардың жұмысын шектейді. Ұлттық банк оны тексеруге де тез мүмкіндік алады. Мұның бәрі цифрлық теңгенің мүмкіндігі. Бизнеске де жылдам ақша аударым жасауға тиімді. Осының бәрін кең көлемде әлемдік тәжірибеге енгізе отырып саралау қажет.

Егер қолма-қол ақшаны алып тастайтын болсақ, дамыған 30 елдің қатарына уақытынан бұрын кіруге болады деген пікірді жиі естиміз. Ойыңыз қандай?

Біздегі қолма-қолсыз ақшаны жүзеге асыратындар көбейіп келеді. 45-50 пайызға дейін осымен жұмыс істейтін жағдайға жетіп отырмыз. Бір жағынан бұл жақсы көрсеткіш деуге болады. Толықтай оны алып тастай алмаймыз. Өйткені, өзінің тәуекелдері бар. Болашақта криптовалюта сияқты дамыған валютаны да тәжірибеге енгізетін болсақ, болашақта оның да көлемі артпақ.

Теңге пайда болғаннан бері банкнот дизайыны бірнеше мәрте өзгерді. Отандық ақшамыздың сапасы туралы не айтасыз? Қазіргі дизайынға көңіліңіз тола ма?

Банкнот дизайының жиі ауысатынын байқаймыз. Бұл халықтың қаражаты болғасын сапаға басты назар аудару керек. Біздегі теңге әлемдегі ең бір қауіпсіздігі жоғары валютаның қатарында. Еуропалық орталық банктің классификациясына қарайтын болсақ, қандай да бір валюта қолдан жасаған банкротқа ұшырайтын болса, ең төменгі көрсеткіш болып есептеледі. Осыған қарағанда теңгенің сапасы жоғары деп айтуға болады.

Ең алғашқы дизайыны ақын-жазушы, батырымыз, ханымыздың суреті бейнеленді. Одан кейін өзгеріске ұшырап, сапасының артуына байланысты өзгеше форматта жасалды. Театр киім ілгіштен басталса, валюта сырттан келген турис пен қонақтың ең бірінші қолына ұстайтын ақшасы. Сондықтан төл теңгемізге қазақтың әдемі жерін, кең-байтақ Алтай мен Арқаға дейінгі ұшса құстың қанаты талатын жазық жеріміздің суретін бейнелейтін дизайын ойлап тапса екен деген ниетім бар. Сол арқылы олардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік аламыз және Қазақстанда өмір сүретін азаматтардың географиялық ой-өрісінің кеңеюіне әсер етеді. Әрине, бірінші кезекте сапасы жоғары болса, халықтың да сенімі артады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

P.S. Еліміздің Тәуелсіздігі мен тіл, ұлттық валюта – ажырамас ұғымдар. Ал теңгеміздің орнықты болуы, сонымен қатар, қаржы саласының тұрақты болуы Тәуелсіздігімізді арттыра түсетіні хақ. Біз әлі жас мемлекетпіз. Солай бола тұрса да, біраз жетістікке куә болып үлгердік. Әлі де асар асу алда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға