Жаңалықтар

Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде оқушылар ҰБТ-ға сапалы дайындала алмайды – сенатор

Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде оқушылар ҰБТ-ға сапалы дайындала алмайды – сенатор
Фото: ҰТО 18.04.2024 12:45 627

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі орта мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестіне дайындалуына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, тасқын су салдарынан еліміздегі көптеген мектеп оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен. Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша конкурсқа қатысуға арналған ҰБТ-ға дайындықты төтенше жағдай өзгертіп жіберді. Соның салдарынан оқушылардың алдағы тестіге сапалы дайындалуға мүмкіндігі де, жағдайы да жоқ.

Балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдың бірде-біреуі жүзеге асырмайды. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де бұл міндет көзделмеген. Талапкерлер бір мекемеге оқушы емес, екіншісі үшін әлі студент емес. Осыған байланысты зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектерінің тағдырына алаңдап отырмыз. Табиғи апатқа байланысты бұл балалардың ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтиже алу қаупі бар. Сондықтан олар мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалуы сөзсіз, - деді ол.

Сенатор осыған байланысты талапкерлерді даярлау мәселесін шешу шаралары туралы сөз қозғады. Әсіресе, түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіруге жәрдем көрсету туралы министрліктерге ұсыныс айтылды. Тестілеудің екінші сессиясының басында ҰБТ өткізу пункттерінің қызметін қалпына келтіру қажеттігі атап өтілді. Оқу-ағарту, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрліктеріне түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орындарына түсуіне жәрдемдесу маңызды болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға