Жаңалықтар

Ташкент Гранд Слэмінің екінші жарыс күнін қазақстандық дзюдошылар жеңіспен бастады

Ташкент Гранд Слэмінің екінші жарыс күнін қазақстандық дзюдошылар жеңіспен бастады
Фото: Дзюдо федерациясы 02.03.2024 11:19 1868

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінің екінші жарыс күнінде ерлер арасында балуан жарысты жеңіспен бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

73 келіде күрескен Данияр Шамшаев бірінші айналымда қырғыз Шыңғысхан Сағыналиевті ұтып, келесі кезеңге өтті. Енді ол ширек финалға шығу үшін словениялық Новак Мартинмен күреседі. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар Ресей балуаны Давид Карапетянды ұтты. Келесі айналымда отандасымыз мароккалық Ашраф Моуитимен белдеседі.

Сондай-ақ, 73 келіде Асқар Нарқұлов Польша балуанына жол берсе, 81 келіде Руслан Мұсаев Өзбекстан балуанынан ұтылып қалды. Әйелдер арасында 63 келіде Кристина Сотникова Италия балуанынан айласын асыра алмады. Осы салмақта күресуі тиіс болған Есмигүл Құйылова татамиге шыққан жоқ.

Ташкент турнирінің алғашқы күнінде 48 келіде қазақстандық Абиба Әбужақынова финалға шығып, күміс жүлдеге ие болған еді. Сонымен бірге, Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов жарысты 7-орынмен аяқтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға