— Оның ешқандай сыры жоқ. Көне тарихқа бала кезімнен-ақ қызыққан едім. Әрине, қызығушылық өздігінен пайда болған жоқ. Оған қандай да бір адамдар, өмірлік жағдайлар ықпалы етеді. Менің жағдайымда, бір жағынан ата-анам болса, екінші жағынан ауыл мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі себепкер болды.
Ата-анам жаз мезгілінде тарихи орындарды аралау, ел тану үшін кішігірім сапарлар ұйымдастырып отыратын. Есімде, ол кезде 5-сыныпта оқимын, қашық болғанына қарамастан Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Айша бибі мен Бабаджа-хатун, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Әмір Темір сынды тарихи тұлғалардың кесенелерін көрсетіп, Отырар мен Түркістан, Бұқара мен Самарқан сияқты көне қалалардың орындарын аралаған едік. Осылайша байырғы мекендерді тануға деген ынта өздігінен, қазіргі тілмен айтсақ «по умолчанию» қалыптасты. Кейіннен, тарих пәнінің мұғалімі осы көрген жерлерді ғылыми жұмысқа бейіндеп жазуды ұсынды. Ол ғылыми шығармашылықтағы тырнақалды ізденістеріме негіз болды.
Сонымен қатар, туып-өскен елімде, яғни, Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Төртүй ауылының маңында Қазақстан археологиясына біршама жаңалықтар әкелген бірегей ескерткіштер орналасқан. Олардың ішінде, ерте темір дәуірінің, яғни, сақ мәдениетінің жарқын үлгілерін паш еткен Тасмола, Қарамұрын, Нұрманбет қорымдары бар. Осы ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған заттай деректердің негізінде Мир Қадырбаев әлемге Тасмола мәдениеті деген атауды ұсынды. Қазіргі таңда сол кездегі мәдениет өкілдері ұлан-ғайыр атырапты алып жатқаны толығымен дәлелденіп отыр. Міне, осының барлығы болашақта археология мамандығын таңдауға түрткі болды.