Жаңалықтар

Тарихшы: Президенттің Республика күніне қайта мәртебе беруі – құптарлық қадам

Тарихшы: Президенттің Республика күніне қайта мәртебе беруі – құптарлық қадам
Фото: © El.kz 21.10.2024 11:00 554

«Республика күні» - қайта жаңғырған мерекелердің бірі де бірегейі. 2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтарған болатын. Осы ретте  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтан Республика күнінің маңыздылығы туралы сұрады. 

Айта кетейік, Республика күні 1992 жылдан 2009 жылға дейін Р17 рет тойланып, кейіннен мүлдем ұмыт қалған еді.

Жалпы, бұл күн Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауға маңызды тарихи қадам болған 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің “Мемлекеттік егемендік туралы” декларациясын қабылдаумен байланысты.

Бүгінде мерекеде әр түрлі мәдени іс-шаралар, концерттер, көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ел бойынша мемлекеттік мекемелерде ресми шаралар өткізіліп, еліміздің тәуелсіздігіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіледі.

Тарихшы «Республика күні - ұлттық мереке. Мемлекеттік мереке» деп бастады. Ол 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданған сәтті еске алып өтті.

Кеңестік империяның ыдырауға жақындаған уақыты еді. Бұл декларацияны Қазақстанның Жоғарғы кеңесі қабылдады. Ол кезде Жоғарғы кеңес қазіргі парламенттің мәртебесіне ие болатын. Егемендікті де Жоғарғы кеңес қабылдады. Содан бастап 2009 жылға дейін аталмыш мереке лайықты дәрежеде тойланып келді, - деді тарихшы.

Ол 25 қазанның маңызына тоқталып, «кеңес империясы ыдырамай тұрғанда тәуелсіз ел боламыз деген үміттің көрінісі осы декларация» болғанын айтты.

Тәуелсіздік заң түрінде 1991 жылы 16 желтоқсанда бекітілді. Бірақ тәуелсіздіктің негізі 25 қазаннан бастап қабылданды.

25 қазанды Қазақстанда ұлт азаттық қозғалысының шарықтау шегі болды деп есептеген жөн. 1984 жылдан бастап бізде қайта құру, сонымен қатар ұлт азаттық қозғалысы да жоғарғы деңгейде дами бастады. Бұған дейін ылғи репрессияда жүрген халық 1980 жылдардан бастап есін жинады. Соның бір көрінісі - 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бірақ ол кезде Кеңес одағынан бөлініп шығамыз деп ойламадық. Десе де «Мәскеу неге біздің ішкі саясатымызға араласа береді?», «неге Мәскеу Бірінші коммунистік партияның бірінші кеңесшісі ретінде Қазақстан азаматын тағайындамайды?», «Қазақстанды білетін азамат қана елді басқару керек» деген талаптар қойылды,- дейді Жамбыл Артықбаев.

КСРО тұсында конституцияда «Өз жолын өзі таңдау» деген  бап болды. 1986 жылғы желтоқсан қозғалысын Мәскеу басып, жаншыды. Бас көтеру алапат қиындықтар туғызды. Жазалау шаралары басталды. Бірақ жалпы КСРО көлеміндегі дағдарысты басып, жаншуға Мәскеудің күші келмеді. Кремельдің шамасы жетпеді.

Бізде ғана емес, басқа елдерде де қозғалыс басталды. Оның барлығын басуға Мәскеудің әлеуеті жетпеді. 1991 жылдың басынан КСРО ыдырай бастады. Алдымен Эстония, Латвия, Литва сияқты Балтық елдері бөлініп шықты. Олар бірігіп қимылдады. Жалпы КСРО-ның ыдырауына осы үш ел үлкен еңбек сіңірді деп ойлаймын. Одан кейін белсенділік, тәуелсіздікке деген күрес Украина, Молдавия, Грузия, Әзербайжанда жақсы жүрді. Бұл елдерде халықтық майдан билікке келді. Халықтық майдан - халықтың өзі сайлаған ұлтшыл, демократияшыл топтар. Олар КСРО-ның ыдырауына жақсы ықпал етті,-деді ол.

Тарихшы біздің елімізде де халықтық майдан сияқты азаттық қозғалысы құрылғанын айтып өтті. Бірақ басқа республикалардағыдай мемлекеттік саясатқа араласа алмады. Сонда да еліміздегі қозғалыс жақсы жағдай жасай алды. Бір жылдары Орал облысында Мәскеудің Орал облысын бөліп алып, Казачий автономия жасамақ жоспары болды деп ойлаймын. КСРО-дағы казак атамандарының Орал облысындағы казачество жиындарын осы азат қозғалысы тоқтатты. Бұл - үлкен жетістік. Өйткені Кремель бүлік шығаратын сепаратистік бірлестіктер, автономиялар құруға тырысты. Қарап отырсаңыз, Молдавия Приднестровье Республикасын сол кезде жасақтады. Мақсаты - Молдавияны жібермеу еді. Ресейдің ұрыстары әр республикада көп болды. Профессор осындай пікірде.

25 қазан еліміз үшін, тәуелсіздігіміз үшін – маңызды дата. Біз 25 қазанды асыға күттік. Қабылдағанда қатты қуандық. Содан бастап өзімізді тәуелсіз ел сезіне бастадық. 1991 жылы тәуелсіздік заңы қабылданды. Бүгінгі күні президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мерекелік датаны қайта жаңғыртып, ерекше мәртебе беруі - өте құптарлық қадам деп есептеймін, - деп қорытындылады Жамбыл Артықбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға