Жаңалықтар

Тарихшы егемендік декларациясының алаш идеясымен үндестік тапқанын айтты

Алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн декларация туралы пікір білдірді
Тарихшы егемендік декларациясының алаш идеясымен үндестік тапқанын айтты
Фото: azretsultan.kz 23.10.2022 11:45 1737

Адамзат тарихы мүдделі таптардың, топтардың байлық, билік үшін тартысынан бөлек, ұлттардың өзара бәсекелестігі, тәуелсіздігі үшін күресінен тұрады. Қазақ ұлты Ресей патшалығының озбырлық саясатына сан мәрте бас көтеріп, жүздеген ірілі-ұсақты көтерілді. Соғыстың форматы да өзгеріп, біресе, қолға қару алса, тағы бір де саяси күреске шықты. Қалай болғанда да, қазақ ұлтының бағы бар екен. Тәуелсіздікке қол жеткізді. Оған 1990 жылы 25 қазанда қабылғандан Егемендік Декларациясы жол ашты. Біз алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұннан декларацияның алаш идеясымен үндестік тапқаны туралы сұрадық. 

– Декларацияның мәнін ашқанда Алаш идеясымен мазмұндас екенін зерделеу маңызды. Солай емес пе?

– Дұрыс айтасын, алаштықтардың мұраты – Еуропалық модельмен ұлттық мемлекеттік құру болды. Ал ұлттық мемлекет, ұлттық идея дегеніміз не? Бір ауыз сөзбен айтқанда, қоғам мүшелерінің өз елінің өткені, бүгіні және болашағына негізделген, оны өмірлік әрекеттерге жұмылдыратын, соған сәйкес қоғамдық ахуалды танытатын тұрақты түсінік, ұғым деген мағынада қолданылады. Ұлт болған соң ұлттық идея болады. Ұлт болу үшін елді қалыптастыратын бастаулар – территория, онда тұратын халық, біртұтас мемлекеттік басқару болуы керек.

Бүгінде Алаш қозғалысы мен Алаш Орда үкіметінің тарихын таразылай келе елі сүйген, елін сүйген алаштықтардың жоғарыда аталған мәңгілік сауалдың жауабын тапқандай болды. Алаштықтардың ұлттық мемлекет құру, ел болып әлемдік қауымдастықпен тең дәрежеде болу туралы қабылдаған батыл саяси шешімдері, өкінішке қарай, саяси тәжірибеге айнала алмады. Олардың ұлттық идеясын лықсып келген тоталитарлық қоғамның бибауырмалдық саясаты «жұтып» қойды. Кеңестік, социалистік, таптық мазмұн алған Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ мемлекеттілігі жаңа сипаттағы колониализмнің кезекті ойын алаңына айналды.

Халқымыздың ұлттық элитасының алдыңғы буыны түгелге жуық саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Тіпті 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты тұтас ұлтқа «қазақ ұлтшылдығы» деген айып тағылды. Осының барлығының түпкі себебі халқымыздың саяси биліктен айырылып қалуы еді. Саяси билігінен айырылған халық біртіндеп тобырға айналады, тобыр өктем ұлттың өркениетіне жұтылып кетеді.

– Қайта құрудың даму барысы кеңестік империяның ыдырауына алып келді. Осы кезде ұлт зиялылары Егемендік Декларациясын қабылдауда шешуші ықпал етті. Тарихи құжаттың мәні мен мазмұнын қалай түсіндірер едіңіз?

– Кеңес билігінің дағдарысқа ұшырап, одақтың тарауы кездейсоқтық емес, заңдылық болатын. Осындай елең-алаң кезеңде – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің мемлекеттік Егемендігі туралы декларация Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңының қабылдануына құқықтық-заңнамалық негіз қалады. 1991 жылғы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен бірге «Республика күні» деген атпен мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгізілді.

Халқымыз үшін тағдыршешті құқықтық негізге айналған осы екі құжаттың қабылдануындағы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де декларацияның қабылданған күнін мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастаудың тасасында ұлттық мүддеге сай келмейтін саяси шешімдер жатқаны аңғарылады. Оның басты айғағы – тәуелсіздігімізді тұғырлаған халықаралық маңызы бар құжатта белгіленген, әсіресе ұлттық мүддеге байланған саяси құндылықтардан шегіну болды. Әрине, кез келген құжат қатып қалған догма емес, оған да уақыт талабына сай өзгеріс енгізіледі. Бірақ ондағы белгіленген басты құндылықтар емес, осы құндылықтарды іске асыру тәсілдері өзгеруі мүмкін.

Декларацияның 7-бабында көзделген «Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды» деген талаптың орындалуының мораторийге ұласып, пәрменді түрде іске асырылмауына қойылған түрлі кедергілерден осындай шегіністі байқаймыз.

Сол сияқты 11-баптағы «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңiстiгi, өсiмдіктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар, экономикалық және ғылыми-техникалық потенциал Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң негiзiн құрай отырып, тек қана соның меншiгiнде болады» деген ұстанымның да шетелдіктерге жер сату түрінде халықтың ел тағдыры үшін алаңдауына, тіпті саяси толқуына негіз болғандығын осындай декларацияда белгіленген мәңгілік құндылықтардан, ұлттық мүддеден шегіну болғанын айта аламыз.

Егемендік декларациясы – қазақ халқы ұлт болып, мемлекет болып тұрғанда барынша ұлықталатын саяси құндылығымыз. Ұлттық идеяға айналған, еліміздің тәуелсіздігіне құқықтық-заңнамалық негіз қалаған және бүгінгі саяси дамуымыздың өзегін құраған құжаттың уақыт өткен сайын маңызы арта түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға