Жаңалықтар

Тарихыңды танығың келсе, Түркістанға кел!

2017 жылы Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген
Тарихыңды танығың келсе, Түркістанға кел!
24.07.2018 13:24 8279

Былтыр шаһарға 1 миллионнан астам турист келген

Түркістан мен Шымкенттің арасы 160 шақырым. Тақтайдай тегіс жолда көлікпен 2 сағатта жетіп барасыз. Киелі шаһарға ат басын бұрушылар алдымен Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне асығады.

(Қожа Ахмет Иассауи кесенесі)

 «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында кесенеден бөлек көптеген ортағасырлық нысандар бар. ХІІ ғасырға жататын Қылует жер асты мешіті, Жұма мешіті (ХІХ ғ), Шығыс моншасы (ХVІ- ХVІІІ ғ), Сегіз қырлы кесенесі (ХІV- ХVІ ғ), Есім хан кесенесі (XVI-XVII ғ), Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі (ХV ғ), Шілдехана (ХІV ғ), Әулие Құмшық ата қылуеті (ХІІ ғ), Қала цитаделі қорғаны (XVI-ХІХ), Күлтөбе (V-XІV ғ), Хан ордасы (XVII-XVIII ғ), «Түркістан тарихы» музейі сынды қайталанбас сәулет туындыларын жаяу аралауға болады. Күннің аптап ыстығына қарамастан кесенеге келушілер әрбір нысанды асықпай аралап, көріп жүр. Медет Мырзахметов келіншегі екеуі Қостанай қаласынан арнайы келіпті. Демалыста Оңтүстіктің көрікті, тарихи орындарын аралап жүр.

(Қостанайдан келген қонақтар)

– Қожа Ахмет Иассауи кесенесін тарихтан оқып, суреттен немесе теледидардан көргеніміз болмаса, бірінші рет келуіміз. Әрбір тасы, өрнегі қатты әсер етті. Күннің қатты ыстығына қарамасттан қорғанға көтеріліп, аралап шықтық. Теңдесі жоқ ғажап сәулет туындысын көзбен көруге мүмкіндік берген Жаратушыға шексіз алғыс. Күн өте ыстық демесеңіз, Түркістан қаласы бізге ұнады. Адамдары да жайдары екен. Тағамдары дәмді. Сосын арзан, – дейді Медет Мырзахметов.

Түркістан қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың айтуынша жыл өткен сайын Түркі әлемінің рухани астанасына келушілердің қатары артуда. Айталық, өткен жылы Түркістанға 1 192 955 мың турист келіпті. Оның ішінде шетелдіктер саны – 35 мыңнан асып жығылған. Ал 2018 жылдың 6 айында  720 мыңға жуық турист ат басын бұрған. Олардың 16 мыңнан астамы  шетел азаматы. 

(Былтыр Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген)

QR-код көп мәлімет береді

Кесененің қарсы алдында «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы әзірлеген QR-код  тақтайшасы тұр. Кесенеге келушілердің бірі  бұл тақтайшаға мән беріп қараса, енді бірі мойын бұрмастан өте шығуда. Ал бұл тақтайшаның өзге өңір мен шетелден келетін туристер үшін маңызы ерекше. Жақындап барып, кодты ұялы телефонмен суретке түсірсеңіз, кесене туралы ақпаратты үш тілде ала аласыз. Ол үшін ұялы телефоныңызға «Neo Reader» және «QR Reading» сияқты бағдарламаларын көшіріп алуыңыз керек. 

– Түркістандықтардың заманауи технологияларға мән беріп жатқаны қуантты. ON Guide мобильді қосымшасынан облыстағы туристік нысандары туралы қызықты ақпарат алуға болады екен. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ескерткіштерін 3D түрінде виртуалды саяхат арқылы көруге болатындай жасап қойыпты. Енді әлемнің кез келген жерінде тұрып-ақ, мұражай экспонаттарын көруге болады. Бұл өзге облыс пен өзге елдің тұрғындарының Түркістанға деген қызығушылығын оятады деп ойлаймын, – дейді Хромтау қаласынан келген Азиза Темірболатова.

(Кесене маңындағы Күлтөбе қалашығы)


Қолөнершілердің басын қосқан шеберхана

Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қарама-қарсы бетте қолөнер шеберханасы бар. Бұл қолөнер шеберханасында 20-дан астам шебер жұмыс істейді. Он саусағынан өнер тамған әрқайсысының өз бағыты, жолы бар. Бірі ағаштан ою ойса, енді саз балшыққа жан бітіреді. Түркістандық шеберлердің қолынан шыққан әшекей бұйымдар мен ұлттық киімдердің, кәдесыйлардың түр-түрін осы жерден табасыз. Кесенеге келген туристер мұнда да бас сұғып шығады.  Насыр Хамракулов 40 жылдан бері көз жауын алатын кәдесыйлар жасайды. Оның әрбір туындысында Түркістанның тарихи орындары мен Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің, Тайқазанның 500, 1000 есе кішірейтілген үлгісі бейнеленген. 

(Шебердің қолынан шыққан туынды)

–  Бұл кәдесыйларды саз балшықтан илеп жасаймын. Әсіресе Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен «Тайқазанға» сұраныс көп. Арнайы патентім де бар. Осы уақытқа дейін 11 мемлекеттің басшылары мен музейлеріме «Тайқазаным» сыйлыққа берілді. Бұл мен үшін – қуаныш, мақтаныш.  Кішкентай «Тайқазан» 400 теңгеден басталып, 60 мың теңгеге дейін барады. Мұнда кірген адамдар естелікке кішкентай дүние болсын алып кеткісі келеді. Қызыққан адамдарға саз балшықтан қалай жасайтынымды көрсетіп беремін. Әрбір жасаған дүниемде қасиетті Түркістанды бейнелеймін. Түркістан жыл өткен сайын жаңарып, гүлденіп келеді. Біз бала кезімізде кесененің айналасы қараусыз жататын. Қазір реттеліп қалды. Келушілер де көп,  –  дейді шебер Насыр Хамракулов.

(40 жылдан бері кәдесыйдың түр-түрін жасайтын түркістандық шебер)

Түркістанға келсеңіз әсіптен дәм татпай кетпеңіз

Өйткені бұл тағам Түркістанның брендіне айналған. Теміржол мен базардың айналасынан осы бір ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамын дайындап, сатушыларды жиі кездестіресіз. Біз де қаланың қақ ортасындағы базарлардың біріне бас сұқтық. Әсіп сататын сатушылар қаз-қатар боп тізіліп тұр. Әрқайсысы өзінің тағамын мақтайды. Шеткерірек тұрған сатушыға жақындадық. Зылала Нұртуллаева бес жылдан бері базарда әсіп сатумен айналысады. 

(Түркістанның брендіне айналған әсіп тағамы)

–  Алдымен жаңа сойылған малдың ішегін айналдырып, жуып, тазалаймыз. Сосын ет, жүрек, бауырды ұсақтап турап, бұрыш, тұз, күріш салып, аздап су құйып араластырып, қазы айналдырғандай ішекке осы салманы тығамыз. Ауызын түйіп, суға салып 50-60 минут қайнатамыз. Қайнап жатқан әсіпті инемен немесе бізбен түйрелеп  отырған дұрыс. Сонда ішіндегі салмасы жақсы піседі. Күніне бір шара әсіп сатамын. Оған 50-60 әсіп сияды. Өзге өңірлерден келген қонақтар естіп, арнайы дәм татып кетеді. Тіпті Алматы, Астана, басқа да қалаларға тапсырыспен алып кететіндер бар. Мұздатқышқа қатырып, салып жібереміз. Бір кісілік тамақ 300-400 теңге тұрады. Күніне 15 мың, кейде одан көп табыс табамын, – дейді ол.

(Күніне бір шара әсіп сатамын, – дейді Зылала Нұртуллаева)

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымда жариялаған жарлығымен Түркістан қаласы – Түркістан облысының әкімшілік орталығы ретінде бекітілгені белгілі. Енді Түркістан өзгереді. Шығыс үлгісіндегі жаңа ғимарттар бой көтереді. Яғни, бұрынғыдан да гүлдене түспек. Алдағы уақытта Түркістандағы өзге де тарихи орындар мен көрікті мекендерді таныстырамыз.


(Кесене маңында жайылып жүрген түйелер)

 

Фотолар автордікі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға