Тарихи алтын: Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров туралы не білеміз
Америкалық The New York Times басылымы әлеуметтік желідегі парақшасында Италияда өткен 2026 жылғы Олимпиадада топ жарған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров туралы жазба жариялады.
Әлемдік рейтингте үшінші орын алған қазақстандық Михаил Шайдоров алтын медальға әбден лайық екенін дәлелдеді. Оның ерлер арасындағы жеке сайыстағы сенсациялық жеңісі – Қазақстанның қысқы Олимпиада тарихындағы небәрі екінші алтын жүлде, - деп атап өтті.
Сондай-ақ басылымда АҚШ атынан өнер көрсеткен америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малининнің қазақстандық қарсыласына деген құрметі сөз болды.
Жарыс алдында басты фаворит саналған америкалық Илья Малинин жүлдеге іліге алмады. Алайда ол алтын медаль иегерін қол алысып, құшақтап құттықтады, - деп жазды басылым.
Өз кезегінде Малинин жаңадан Олимпиада чемпионы атанған Шайдоровты қалай құттықтағанын айтып берді:
Мен Шайдоровқа барып, оны құттықтадым. Оның сырғанағанын киім ауыстыратын бөлмеден бақыладым және мен оған өте мақтанатынымды айтқым келеді. Оның маусымы аса сәтті болмағанын естідім. Бұл спортта біз бір-бірімізді әрдайым қолдаймыз. Мәнерлеп сырғанауды ерекше ететін де – осы. Адамдар кейде мұны ұмытып кетеді. Олар тек бәсекелестікті көреді де, бізді бір-біріне қарсылас, аралары суық спортшылар деп ойлайды. Ал шын мәнінде керісінше – біз бір үлкен отбасы секілдіміз. Маған жеңіске жету үшін мінсіз бағдарлама қажет емес екенін білдім. Бірақ қателіктер жібердім. Нақты не болғанын әлі де түсінуге тырысып жүрмін, – деп келтіреді Малининнің сөзін басылым.
Айта кетейік, қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрған Малинин еркін бағдарламада 156,33 ұпай жинап, жалпы есепте 264,49 ұпаймен сегізінші орынға тұрақтады.
Басылым жазбасының астында америкалық желі қолданушылары қазақстандық спортшыға тәнті болған пікірлерін қалдырды:
«Оның өнері керемет әсер қалдырды», «Бұл сөзсіз алтынға лайық сырғанау болды!», «Бүгінгі ең үздік жас спортшы Олимпиада чемпионы атанды», «Ол керемет болды!», «Әбден лайық жеңіс!», «Құттықтаймын, Михаил!», «Ол өз еңбегімен жеңді. Мінсіз орындау», – деп жазды олар.
Шайдоров 2004 жылы 25 маусымда Алматыда дүниеге келген. Әкесі Станислав Шайдоров 1990 жылдары Қазақстан чемпионы болған мәнерлеп сырғанаушы. Михаил алғаш рет төрт жасында мұзға шыққанымен, спорт бірден ұнай қоймаған. Біраз уақыт спорттық гимнастикамен айналысып, 11 жасында қайтадан мәнерлеп сырғанауды таңдады.
Ол Алматыдағы «Рамстор» сауда орталығындағы мұз айдынында жаттықты. Кейін Ресейдегі оқу-жаттығу жиынында Олимпиада чемпионы, бапкер Алексей Урмановтың назарына ілігіп, онымен жұмыс істей бастады.
2018 жылы спорттық жағынан өсу үшін Михаил Сочиге ауысты. Ұлының мансабы үшін әкесі көлігін сатып, жаттығу шығындарын өтеген. Бұл тәуекел ақталды: 15 жасында Қазақстан чемпионатын жеңіп, төрттік тулупты меңгерді.
Пандемия мен жарақаттар оның дамуын баяулатты. Бір кезеңде ұлттық құрамадан шығарылып, ем-домды өз қаражатына жалғастыруға тура келді. Алайда 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлде алып, Қазақстан тарихындағы алғашқы медальді жеңіп алды.
2024-2025 маусымы Шайдоров үшін бетбұрыс кезең болды:
-
Гран-при кезеңдерінде жүлделер;
-
Төрт құрлық турниріндегі жеңіс (Сеулде);
-
Әлем чемпионатында күміс (Бостонда), тек **Илья Малинин**ге жол берді.
Осы нәтижелер оған Олимпиада-2026 жолдамасын әперді.
Олимпиада маусымында Шайдоров Гран-при кезеңдерінде тұрақты өнер көрсетіп, финалға тікелей жолдама алды. Қысқа бағдарламасын «Дюна» фильмі тақырыбына қайта оралтып, өзін сенімді сезінетінін айтқан. Дәл осы маусым оның мансабындағы ең жарқын сәтпен – Олимпиада алтынымен аяқталды.
Михаил кино көргенді ұнатады. Сүйікті режиссерлері – Кристофер Нолан мен Квентин Тарантино. Еркін бағдарламаларының бірі «Кунг-фу панда» образымен есте қалды.
Сондай-ақ ол жарыс алдында қазақстандық рэпер Скриптониттің «Рамок нет» әнін тыңдап, күрделі элементке психологиялық дайындалғанын айтқан.

