Жаңалықтар

Таразда жастар форумы өтті

Фото:auyl.kz
Таразда жастар форумы өтті
03.06.2022 13:54 2115

Бүгін Таразда «Ауыл» жастары өзгерістерді қалайды» тақырыбында жастар форумы өтті, деп хабарлайды El.kz «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық референдумды насихаттау және түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған жиынға партияның Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Ерболат Саурықов, жергілікті жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

«Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Еліміздің болаша­ғы­ тікелей осы рефе­рендумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға белсенді түрде қатысады деп ойлаймын», - деді Ерболат Саурықов.

Форумда студент жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша республикалық референдумды қолдай отырып, пайымды пікірі  мен орамды ойларын ортаға салды. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайлы, конституциялық реформалардың тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктері және реформалардың негізгі бағыттарын түсіндіруге тырысты.

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту бағыты бойынша Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті, республикалық жастар бизнес-стартап жобасының жүлдегері Ерасыл Берді өз пікірін жеткізді.

Ал жастар ұйымдарының көшбасшысы қатарында жүрген, республикалық ғылыми жобалар жеңімпазы Данабек Мұратов референдумда өзгеріс енгізу бойынша басым дауыс көрсеткіші болған жағдайда қандай өзгерістер болатыны жөнінде кеңірек тоқталды. 

«Ата Заңымыз 30%-ға өзгереді. Яғни үштен бірі. Бұл өте үлкен өзгерістер әкеледі деген сөз. Оның бастыларының бірі – жер мен оның байлығы тікелей халыққа тиесілі болуы, табиғи ресурстар халықтың меншігі ретінде заңдық тұрғыда бекітілуі, Президент өкілеттігінің өзгеруі, мәжілістегі депутаттар санының қысқаруы секілді маңызды бағыттар қамтылмақ. Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет болғалы тұрған саяси науқан. Мұндай сәтте ешкім де елдің келешегі үшін тыс қалып, сырт айналмауы тиіс», - деп сөзін түйіндеді.

Сондай-ақ, жамбылдық жастар еліміздің барлық азаматтары мен жастарына үндеу жолдап, референдумда белсенділік танытатынын жеткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға