Жаңалықтар

Таразда көшпенділер өркениетінің бүкіл тарихы көрсетіледі

Таразда көшпенділер өркениетінің бүкіл тарихы көрсетіледі
08.10.2015 04:52 3490

Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын мерекелеуге орай мәдени-бұқаралық шаралардың көлемді бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов мәлімдеп отыр.

Таразда көшпенділер өркениетінің бүкіл тарихы көрсетіледі

«Егер мен қазір мерекеге арнап әзірленген барлық тартымды іс-шараларды айтып қойсам, ол кейін қызықсыз болып қалады. Мерейтойлық салтанаттар аясында 2 мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының қонақтары мен тұрғындарын ауқымды мәдени-мерекелік бағдарлама күтіп отыр. Мерекенің құрметіне ондаған шаралар жоспарланған. Мысалы, Тұңғыш Президент саябағында көшпенділер өркениетінің бүкіл тарихы көрсетіледі. Бұл балаларды да, қарттарды да қызықтырады деп ойлаймын», – деді облыс әкімінің орынасары.

«Тұңғыш Президент саябағында екі күн бойы дала билеушілері мен көшпенділердің өмірлік әдет-ғұрыптарының бірқатар композициялары ұсынылатын «Қазақ әлемі» атты тарихи-этнографиялық кешен ашылады. Қолданбалы өнер бұйымдары, көне кілемдер, қарулар, зергерлік бұйымдар  көрмелері, көне қылыштармен  әсерлі қолма-қол ұрыс қимылдары ұйымдастырылады. Сондай-ақ дала билеушілерінің жорыққа шыққанда тіккен шатырлары мен киіз үйлер орнатылып, «Скифтер-сақтар қылышы» рельефтік панносы, «Жел дауысы» инсталляциясы және т.б. орналастырылады», - деді баспасөз мәслихатында Е.Мәнжуов.

Концерттер мен шаралар тізілімінде «Ұлы Жібек жолы» этнофестивальдары, «Достық» этноқалашығы, халық ойындары бойынша байқаулар, киіз бұйымдардан жасалған балалар алаңы, қазақ киіз үйінің тарихы мен түрлері туралы танымдық бағдарламалар, көшпенділердің қарулары мен сауыттары, «Арлан» костюмдер театрының «Сақтардан қазақтарға дейін» атты тарихи шоу бар.

9 қазан күні "Ақ шатыр" сахналық алаңында «Мәңгілік сарын» – мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» этно тобы өз бағдарламаларын ұсынады. «Беркініп садақ асынған» эпосының эпикалық әндері, «Жетісу әндері» Жетісу ән мектебі мен Арқаның «Арқа әндері» ән мектебінің әндері шырқалады.

8 қазанда Тұңғыш Президент саябағында қытайлық Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолы бағдарымен келген керуен экспедициясының қатысушыларын қарсы алады.

Бұдан басқа, «Қазақ хандығы» ескерткішін салтанатты түрде ашу рәсімі өтіп, Алматы қаласы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламалары басталады. Сондай-ақ бұл күні «Көне Тараз» мұражайы ашылып, Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне шығарылған кітаптардың тұсаукесері өтеді. «Баласағұн» ОКЗ-да өтетін «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына арналған ақындар айтысы екі күнге жалғасады. Онда Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Өзбекстаннан 14 жұп ақын кездесіп, өнерін көрсетеді.

Театр өнерін сүюшілер Алматының М.Әуезов атындағы театрының, сондай-ақ жергілікті театр труппасының тарихи спектакльдерін тамашалай алады.

Тараз ипподромында Қазақстанда алғаш рет ат полосы ойынының таныстырылымы жоспарланған. Бұдан басқа, «Атшабар» ат спорты кешенінде «Ұлы Дала ойындары» атты ұлттық ат спорты жарыстары өтеді.

Мерейтойлық салтанаттар аясында 9 қазан күні «Тараз-Арена» спорт сарайында ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылатын қазақ күресінен "Еуразия барысы" халықаралық жарысы өтеді.

Мерейтойлық шаралар көркем театрландырылған қойылыммен және Орталық стадиондағы мерекелік гала-концертпен аяқталады.

Еске сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу биылғы жылы еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатыр. Негізгі шаралар 550 жыл бұрын Талас пен Шу өзендерінің арасындағы Жайсан шатқалында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалаған жерде болады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға