Жаңалықтар

Танымал жазушының қызы Қаракөз Сүлейменова орыс әдебиетін алып тастауға қарсы шықты

Танымал жазушының қызы Қаракөз Сүлейменова орыс әдебиетін алып тастауға қарсы шықты
Фото: instagram.com/karagozsuleimenova 11.09.2023 15:00 28333

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептердегі орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқытайық деген ұсынысына қатысты пікір білдірді. Тележүргізуші бұл ұсыныстың мүлдем дұрыс емес екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ринат Зайытов бауырымыздың қазақ әдебиетін ғана тереңдетіп оқыту керек, орыс әдебиетін мүлдем оқытпау керек дегенімен келіспеймін. Қазақ әдебиетін білу керек, қазақ тарихын оқу керек. Ең алдымен, тәрбие – тал бесіктен. Әр адам қазақылықты, қазақтың өнерін-салтын, дәстүрін баласына егемін десе, отбасында жөргегінен соны бастау керек. Бірақ орыс әдебиетін оқытпау, ол - дұрыс емес. Себебі, біз 21 ғасырда орыс әдебиетін оқымаса, ол арқылы әлем әдебиетін танымаса, онда біздің жазушыларымыз қалай қалыптасар еді?, - деп айтты Қаракөз Сүлейменова.

Ол орыс әдебиетінің сағат саны қазақ әдебиетінен көп болмау керегі дұрыс екенін айтып, бірақ кеңестік кезеңде емеспіз деп мүлдем алып тастауға болмайтынын айтты.

Бізде қазір шетел әдебиетін ағылшын тілінде екінің бірі оқи алмайды. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылып біткенше әлі жылдар керек. Бұл ұзақ үрдіс. Екіншіден, қазақта Абайдан ұлы кем шығар. Абайдың өзі орыс әдебиетін жоғары бағалап, қазақ әдебиетінің дамуына сол арқылы үлкен жаңалықтар әкелген.  Пушкиннен реализм әдісін қазақшаласа, Крыловтың мысалдарындағы сатиралық жанрды қазақы болмыста бейімдеді.  Сондай-ақ Абайдың Лермонтовты ерекше сүйіп, өлеңдерін көп аударғанын бәріміз білеміз, - деді Қаракөз Сүлейменова.

Тележүргізуші елдегі идеологиялық жұмыстардың әлсіз екенін тілге тиек етіп, депутаттар әдебиеттен де күрделі мәселелерді қозғауы тиіс екеніне тоқталды.

Жалпы, өнер тілге, ұлтқа бөлінбеуі керек. Дүниенің қай жерінде болса да өнер, әдебиет оқырманды ізгілікке шақырады. Санасын оятып, жаңа сатыға көтереді.  Ұлттық сана, ұлттық рух бір елдің әдебиетін жоғалтқанмен көтерілмейді. Бұл жерде ұлттық тәрбие деген терең мәселе жатыр. Біздегі идеологиялық жұмыстардың әлсіздігі бар. Ең бастысы, халықтың экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі шешілмеген. Мінберде отырған депутаттарға  әдебиеттен де күрделі мәселелер жетеді деп ойлаймын, - дейді тележүргізуші.

Қаракөз Сүлейменова халық несиеге тамақ ішпейтін күн туғанда кітап оқуға құштарлығы ашылатынын айтты.

Неліктен, Еуропа елдерінде волонтерлікпен, мәдениетпен көп айналысады. Адамның тұрмыстық қажеттіліктері өтелгенде, біздегідей кредитке тамақ ішпегенде, кітап оқуға да ниеттері ауады. Қазақтың тілі, ділі, дәстүрі отбасындағы тәрбиеден басталып, ары қарай қоғамда жалғасын табу керек. Біз ұлттық тәрбие түсінігіне, өкінішке қарай, әлі де терең қарай алмай жатырмыз, - деді Қаракөз Сүлейменова.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Қарагөз Сүлейменова (@karagozsuleimenova)

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқыту керегін айтқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға