Маңғыстауда «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалінде отандық жұлдыздар мен шетелдік кино майталмандары қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Фестивальдің басты жұлдызы танымал түрік актері - Бурак Озчивит, деп хабарлайды El.kz интернет порталы otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Кинофестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, TÜRKSOY және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сондай ақ, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Фестивальге Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғыстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Мажарстан мемлекетінің кино майталмандары арнайы келіп қатысуда.
Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали іс-шараның маңызын айтты.
«Қорқыт ата» халықаралық кинофестиваліне 250-ге жуық кино майталманы жиналды. Оның ішінде құрметті қонақтарымыз да бар. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев пен танымал түрік актері Бурак Озчивит бар. 5 күнге созылатын шара аясында 50-ге жуық түрлі жанрдағы фильмді тегін тамашалауға болады, - деді Нұртас Сали.
Айта кетейік, осыған дейін түркі әлемінің дәстүрлі «Қорқыт ата» кинофестивалі Ыстанбұл, Бурса (Түркия), Шуша (Әзірбайжан) және Анау (Ашхабад) қалаларында өтті.

