Танымал тележүргізуші Сәнді Сұлтан Qazcontent журналистеріне лекция-тренинг өткізді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Танымал тележүргізуші әрі журналист Сәнді Сұлтан «Qazcontent» АҚ қарасты сайттардың тілшілері үшін арнайы шеберлік сағатын ұйымдастырды. Іс-шара лекция-тренинг форматында өтіп, қатысушыларға теориялық біліммен қатар тәжірибелік кеңестер де берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кездесу барысында Сәнді Сұлтан журналистік жұмыстың негізгі қырларына тоқталып, кәсіби дағдыларды шыңдаудың маңызын атап өтті. Әсіресе баспасөз конференцияларында сауатты әрі орынды сұрақ қою мәдениеті жайында жан-жақты түсіндірді.

Сондай-ақ тележүргізуші әрі журналист ретінде өз тәжірибесінен мысал келтіріп, жас әріптестеріне кәсіби ортада туындайтын түрлі жағдайларды еңсерудің жолдарын түсіндірді. Оның айтуынша, ақпаратты жедел жеткізу маңызды болғанымен, дәлдік пен этика – әр журналистің басты ұстанымы болуы тиіс.
Тренинг соңында журналистердің орындаған жұмыстарын талдау барысында тележүргізуші сөйлеу мәдениеті мен ақпаратты жеткізу тәсілдері жөнінде тәжірибелік кеңестер берді.

Айта кетейік, Сәнді Сұлтанның SSLAB телелабораториясына биыл 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде шығармашылық мектеп көптеген тележүргізушілер мен радиожурналистерді тәрбиелеп, телевизиялық бағдарламалардың авторларын дайындады. Сонымен қатар, бұл орта кәсіби жолын таңдаған жас мамандарға ғана емес, бизнес өкілдері мен саясаткерлерге де өзін дамытуға, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік берді.


