wikipedia.org

Танымал музейге ұрылар түсті

Сирияның астанасы Дамаск қаласындағы Ұлттық музейде ұрлық дерегі тіркелді. Белгісіз адамдар музей ішінен ежелгі мүсіндер мен бірнеше құнды жәдігерді қолды еткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оқиға 10 қараша күні кешке болған. Музей өкілдерінің айтуынша, ұрылар залдағы шыны витриналарды сындырып, бірнеше экспонатты алып кеткен. Қазір полиция тергеу жүргізіп, күдіктілерді анықтау және жоғалған тарихи бұйымдарды қайтару бағытында жұмыс істеп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, музейден алты көне мүсін ұрланған. Мамандар бұл ескерткіштердің тарихы Рим дәуіріне дейінгі кезеңге жататынын атап өтті.

1936 жылы құрылған Сирия Ұлттық музейі - араб елдеріндегі ең көне және маңызды мәдени орталықтардың бірі саналады. Азаматтық соғыс басталғаннан кейін музей 2012 жылы жабылған еді. 2018 жылы нысанның бір бөлігі ғана қайта ашылса, билік ауысқан соң, 2025 жылдың қаңтарында музей толық жұмысын жалғастырған болатын.