Жаңалықтар

Танымал кәсіпкер Дариға Бадықованың фильм түсіруіне тыйым салуды ұсынды

Танымал кәсіпкер Дариға Бадықованың фильм түсіруіне тыйым салуды ұсынды
Фото: Коллаж El.kz/әлеуметтік желі 05.02.2024 17:05 3246

Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила актриса Дариға Бадықованың "Таптым-ау сені" фильмінің жалғасын түсіруге тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Таптым ау сені" деген фильм егер тереңірек қарасаңыз "Қазақ деген халықты аздыруға біреу арнайы тапсырыс беріп түсірген бе?" деген ойға да қаласыз. Әрине олай емес, мақсаттары тек ақша табу ғой, - дейді ол.

Кәсіпкер фильмнің сюжетін талдап, көңілінен шықпаған тұстарын атап өтті:

1. Бас кейіпкер бір жерге кірсе бірдеме ұрламай шықпайтын сумақай, оны жаман қылық деп қабылдамайды, әшейін қылжақ қылады.
2. Бас кейіпкер бір ішкіш, дөрекі, боқтампаз қазақтың қызына үйленеді. Тойға қатысқандар бәрі арақты суша сіміріп, жынданып жүр. Бас кейіпкерге бұл да кешірімді деген ұғым қалыптастырады.
3. Бас кейіпкер қымызға су, арақ қосып сатады, оны болашақ жұбайы көріп отырып, біліп отырып кафеге өткізеді. Оған еш жеркенбейді.
4. Фильм бастан аяқ анайы, былапыт, боқтыққа толы. Ол да қалыпты жағдай деп қабылданып, залдағы жастар мәз мәйрем болып күліп отыр, еш намыстанбайды.
5. Қыз жігітті мотоциклге салып алып қашады. Бұл да "күлкілі" жағымды дүние болып көрсетіледі. (Махаббатың үшін күрес).
6. Осындай ұры, өз пікірі жоқ, алаяқ (Қымызға су, арақ құйып сататын) жігітті "Таптым ау сені" деп ғашық болып алып қашып өзі үйленеді.

Осы кино қазақ жастарына қандай тәрбие береді? Ми нені көп көрсе, естісе соны автоматты түрде қабылдайды, программаланады. Бір кезде Бригада деген кино шыққанда дәл сол сияқты банды топтар жинаған жастап қаптап кетіп еді. Бұндай қазақты аздыратын, қоғамды бүлдіретін дүниелерді парламентте көтеріп, тиым салдыру қажет! Елімізді қоқыс төгетін алаңға айналдырып барады мыны "Шегірткелер". Cұхбаттарында мен жайлы айтыпты деген соң шолып шықтым. Екі сөзінің бірі орысша, жаргон. Сөйлеу мәдениеті, өзін ұстау мәдениеті өте төмен жандар миллиондарға кино түсіріп, улауға моралдық құқықтары жоқ!, - дейді Ахметбек Нұрсила.

Кәсіпкер фильмнің жалғасын түсіруге тыйым салуды айтып, депутаттарға үндеу жасады.

"Таптым ау сені- 2" түсіреміз деп жоспарлап жатыр екен. Ел болып, жұрт болып Қазақ елінің жастарының санасын былай улай беруінен сақтануымыз керек. Депутат мырзалар! Осы мәселе жөнінде не айтасыздар? Заң шығарып, шара қолдануға бола ма?, - деп жазды Ахметбек Нұрсила.

Айта кетейік, жақында белгілі киножериссер Ермек Тұрсынов актриса Дариға Бадықова түсірген «Таптым-ау сені» фильміне сынға алған болатын. Актриса «Мұны көргенше, өліп кетуім керек еді» деген Тұрсыновтың сөзіне жауап берген еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға