© Jam Media / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Танымал футболшы өзін қуып жіберген клубқа қомақты қаражат төлейді

Спорттық төрелік соты (CAS) бразилиялық танымал футболшы Дани Алвестің келісімшартын бұзуға қатысты істе «Пумас» футбол клубының мүддесін қорғап шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Естеріңізде болса, Алвес осыдан біраз бұрын зорлық-зомбылық ісі бойынша сотталып, кейін ақталған еді. Дегенмен аяқдоп шеберіне ауыр айып тағылған соң, клуб 2023 жылы онымен келісімшартты бұзды. Ал 2024 жылғы 15 мамырда Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) жанындағы дауларды шешу палатасы келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін мексикалық клубты бразилиялық футболшыға өтемақы төлеуге міндеттеді. Ал биылғы көктемде «Пумас» келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін Алвестің үстінен CAS-қа шағымданған.

Осылайша, CAS Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) жанындағы дауларды шешу палатасы шығарған шешімді жойды. Төрелік сот клубтың келісімшартты бұзуына нақты себебі болғанын алға тартқан. Сонымен қатар, Алвес «Пумасқа» өтемақы төлеуі тиіс, оның мөлшері бұған дейін ФИФА белгілеген сомадан да жоғары.

Айта кетейік, Алвес 2023 жылдың қаңтарында Барселонадағы түнгі клубта болған зорлау ісі бойынша қамауға алынған еді. 2024 жылдың ақпанында кінәлі деп танылып, 4,5 жыл түрме жазасы тағайындалды. Бірақ ол көп ұзамай 1 млн еуро кепілмен босатылды. Ал наурыз айында апелляцияда жеңіп шықты.

«Пумас» клубы Алвестің келісімшартын 2023 жылдың қаңтарында бұзған. UOL мәліметінше, клуб футболшыдан тәртіп ережелерін бұзғаны үшін 5 млн доллар өтемақы талап еткен. Ол ережелерде допинг қолдану, қоғамға жария болған жанжалға қатысу немесе қылмысқа араласу сияқты тармақтар болған.

Дани Алвес – әлемдегі ең атақты футболшылардың бірі. Ол Бразилия құрамасы мен түрлі клубтар сапында 43 трофей жеңіп алған.