Жаңалықтар

Тамыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
 Тамыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды
Фото: egemen.kz 10.08.2022 13:23 1272

Тамыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеу шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуі үшін өткізіледі. ҰБТ-ның бұл кезеңіне 20 мыңнан астам өтініш түскен, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Шекті балл жинай алмаған талапкерлердің ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамыз айында қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет. Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгертіп, тестілеуге қатыса алатындығын айта кеткен жөн», - деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

ҰБТ-ның бұл кезеңіне биылғы және өткен жылдардың мектеп түлектері, колледж түлектері мен шетелдік мектептерде білім алғандар қатыса алады.

Сонымен қатар, жоғары оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.

Негізгі ҰБТ секілді тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді.

Тіркелу кезінде тестілеуге қатысушылар емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады. Ал, тіркеу 25-30 шілде аралығында министрлікке қарасты Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға