Жаңалықтар

Тамсандырған жүз көлік

Алматыда көлік көрмесі өтті
Тамсандырған жүз көлік
22.05.2017 14:34 8103

Кезінде ер серігі - жүйрік ат еді. Заман өзгере келе жігіттердің серігі - темір тұлпар болды. Бүгінде көлікке қызығушылық танытпайтын ер-азаматты кездестіру қиын. Бірі машина алуды армандаса, бірі оны жаңалауды қалайды. Осы орайда, Алматы қаласында ерлер қауымын көптен күттірген автокөрме болып өтті. Мамыр айының 20 жұлдызында «MotorFest 2017» деген атпен халықаралық деңгейде өткен көрмеге елімізде ең үздік деп табылған, сирек кездесетін 100 көлік ұсынылды.

Әдемі әрі қымбат, қуаттылығы жоғары автокөліктерді тамашалауға келген жұрттың қарасында шек болмады. Мектеп оқушыларынан бастап, ересек азаматтарға дейін су жаңа көліктерді балаша қызықтап, тамсанумен болды. Соңғы жылдары елімізде нәзікжандылардың да темір тұлпар мінуге әуес екендігі жасырын емес. Аталмыш шарада ерлерден қалыспай, жас сәбилерін көтере келген әйелдер қауымын да кездестіруге болады.

Көлік көрмесін «CarsKz» деп аталатын Қазақстандағы ең ірі автобірлестік ұйымдастырды. Ұйымдастырушы топтың мүшесі болған Ботбаев Акбардың айтуы бойынша, елімізбен қатар, Қырғызстан мен Өзбекстаннан  келген қонақтар да көрмеге қатысып, бірегей көліктерін ұсынған екен.

– Қала тұрғындарына арнап, демалыс күні міне осындай көрме ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара алғаш рет өтіп отырған жоқ. 2012 - 2013 жылдары да дәл осындай автокөрме ұйымдастырғанбыз. Биылғы MotorFest 2017-нің басты ерекшелігі - ол ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде өткендігінде. Өзбек және қырғыз елінің азаматтары қатысуға ниет білдіріп, көліктерін алып келді. Қазір бұл жерде ең әдемі, ең жылдам, өзгеше үлгіде жасалған сирек кездесетін машиналар жинақталған. Теледидардан ғана көріп жүрген көпшілік, сол көліктерді өз көзімен көріп, ішіне отырып, қосалқы бөлшектерін ақтарып дән риза болуда. Сондықтан да біз бұл іс-шараны үлкен жауапкершілікпен, әрбір жайттарға мән беріп ұйымдастыруға тырыстық.

Көрмеге қатысқан 100 көлік жұртты қызықтырып қана қоймай, өзара бәсекеге түсті. Тюнинг, стэнс, спорт және классика номинациялары бойынша ең үздік деп табылған темір тұлпарлар арнайы марапатқа ие болды. Ретро стиліндегі, 80-90 жылдардан көрініс беретін көліктерден бастап, мерзімдік, спорттық бағытта қолданылатын автомобильдерге дейін қамтуға тырысқан бұл шараны кешкі жетіге дейін тамашалау мүмкіндігі болды. Осы уақыт аралығында қызығушылық танытқан келушілер өзіне ұнаған көлігіне дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтады. Сондай-ақ, қала тұрғындарына арнап ұйымдастырушылар арнайы шоу-бағдарлама ұсынып, сыйлықтар таратса, бимен еліктірген жастар түрлі конкурстар өткізіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Міне осылай, көлік көрмесін көптен күткен алматылықтар ұялы телефондарын сирек кездесетін темір тұлпарлар суретімен барынша толықтырды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға