Тамара Дүйсенова СҚО-да әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты
Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Бұл вице-премьердің төңірге жұмыс сапары барысындағы негізгі тақырыптың бірі болды, деп хабарлайды primeminister.kz-ге сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Гауез Нұрмұхамбетовпен бірге Тамара Дүйсенова «Экология медицина» ЖШС әлеуметтік дәріханасында таңбаланған дәрі-дәрмектерді беру процесін тексерді. Желі 10 нысаннан тұрады және бүгінге дейні мұнда 100 түрлі таңбаланған дәрілік заттар жеткізілген.
Дәрілерді таңбалау өте маңызды, себебі ол дәрі-дәрмектердің сапасын қамтамасыз етеді. Бұл үдерістің арқасында әрбір тұтынушы кодты сканерлеу арқылы дәрінің қайда өндірілгенін және қандай жолмен келгенін біле алады, — деді компания директоры Евгения Лямкина.
Қазіргі уақытта облысқа 357 мың қорап таңбаланған дәрі-дәрмек жеткізілген. Барлық 25 медициналық ұйым 2D-сканерлерімен және деректер жинау терминалдарымен жабдықталған, сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау жүйелеріне интеграцияланған.
Көпсалалы облыстық аурухана базасында медициналық мекеме басшыларымен өткен кеңесте Тамара Дүйсенова өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуын талқылады.
Салада оң өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, Петропавлда 2 емхана ашылып, жыл соңында Кішкенекөл ауылында медициналық нысанның құрылысы аяқталады.
Медициналық жабдықтарды жаңартуға 5 млрд теңге бөлінген. Ауруханаларда УДЗ, цифрлық рентген аппараты, ИВЛ аппараттары және маммографтар орнатылды. Ал шалғай ауыл тұрғындары үшін телемедицина бойынша пилоттық жоба жүзеге асты.
Тамара Дүйсенова медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, әсіресе ауруларды ерте кезеңдерде анықтауға мән беру қажеттігін атап өтті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі де қозғалды. Вице-премьер сақтандырылған азаматтар барлық қажетті медициналық қызметтерге қол жеткізе алатындығын алға тартты.
Президенттің тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Өңірдің 46 ауылында 5 жаңа дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік және 23 медициналық пункт салынады. Олардың кейбірі қолданысқа берілді. Мысалы, Пресновка ауылының тұрғындары үшін жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің енгізілуі жыл жаңалығы болды. Ауылда 700-ге жуық адам тұрады.
Ауыл тұрғындары бұрын медициналық көмек алу үшін аудан немесе облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Енді жаңа ФАП арқылы барлық алғашқы медициналық көмек түрі жергілікті жерде көрсетіледі. Олар бұл бастама үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.
Тамара Дүйсенова медициналық нысанның жабдықталуымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесіп, скринингтік шараларды жақсарту және ФАП-ты қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.
Президент ауылдардағы білім беру мекемелерінің қала мектептерінен еш кем болмауы керек екенін атап өтті. Осы мақсатта «Тірек мектептер» жобасы жүзеге асырылуда. Оның бірі Есіл ауданындағы Явленка ауылында орналасқан.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мектепке заманауи оқу жабдықтары сатып алынды. 16 интерактивті панель, STEM кабинеті, робототехника жабдықтары және еңбек сабағына қажетті құралдар жеткізілді. Онлайн-сабақтарды жазу үшін телестудия ұйымдастырылды.
Мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектептерінде әдістемелік көмек, қолдау және білім беру бағытында оқытылды. Мектепке 4 магнитті шағын жинақты мектеп бекітілген, олардың оқушылары ақпараттық технологиялар мен жаңа жабдықтарды енгізудің арқасында сапалы білім беру ресурстарына кеңінен қол жеткізе алады.
Тамара Дүйсенова негізгі оқу пәндерінен басқа робототехника және технологиялармен белсенді айналысатын оқушылармен әңгімелесті. Олардың кейбір жобаларымен танысып шыққан вице-премьер оқушыларға белсенділігі үшін алғыс айтып, болашақ бастамаларына сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуы маңызды екенін атап өткен болатын. Бұл ретте вице-премьер Үкімет пен қоғамдық ұйымдар белсене араласып жатқанын айтты.
Оқушылар үшін жайлы жағдай жасау — біздің басты мақсатымыз. Заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, әдістемелік көмек — бұл мұғалімдерге де, оқушыларға да қосымша қолдау, — деді Тамара Дүйсенова.