Жаңалықтар

Тамара Дүйсенова Ақмоладағы білім беру нысандарына барды

Тамара Дүйсенова Ақмоладағы білім беру нысандарына барды
Фото: primeminister.kz 11.10.2024 23:39 479

Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова аймақтағы бірқатар білім беру мекемелерін аралады, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде жатақхана құрылысы белсенді жүргізілуде. Осындай нысандардың бірі – Көкшетау жоғары техникалық колледжі студенттеріне арнайы салынған. 300 орындық 5 қабатты ғимаратта медициналық кабинет, студенттік бастамалар орталығы, инклюзия бөлмесі қарастырылған. Колледж аймақтағы ең озық оқу орындарының бірі болып саналады. Мұнда Ақмола облысының тұрғындары ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар да білім алуда. Мысалы, Маңғыстау өңірінен 29 студент келген. Вице-премьер студенттермен әңгімелесіп, оларға оқуда табыс тіледі.

Жұмыс сапары барысында Тамара Дүйсенова Красный яр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжде болды. Мұнда өңірдің ірі компанияларымен ынтымақтастық құрылып, дуальды оқыту әдісі белсенді қолданылады.

Оқу орнының жұмысымен танысқан Премьер-министр орынбасары ТжКБ жүйесін дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру үшін Оқу-ағарту министрлігі ТжКБ жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеуде. Колледждерді бейіндеу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Өңірдің еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, кадрлар даярлауды Ақмола облысының 29 колледжі жүзеге асырады. Олардың 8-і тірек колледжі ретінде анықталған.

ТжКБ ұйымының жұмыс сапасына қарай оларды лигаларға бөле отырып, бағалау жүргізілетін болады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі де өзгертілмек. Халықаралық салалық стандарттарды енгізген, түлектердің басым бөлігі сертификатталған және орташа жалақысы жоғары колледждер үшін ынталандыру төлемдері берілетін болады, - деді Тамара Дүйсенова.

Бұдан өзге вице-премьер өңірдегі алғашқы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған балабақшаға барды. Мұнда 77 бүлдіршін келіп жүр. Олар үшін дәрігер, дефектолог, психолог, логопед кабинеттері, сондай-ақ дене-шынықтыру алаңы қарастырылған.

Балабақша базасында мектепке дейінгі мекеме меңгерушілерінің қатысуымен мектепке дейінгі білім беру және тәрбие мәселелері бойынша кеңес өтті. Атап айтқанда, балабақшаларды жан басына қаржыландыру әдістемесі таныстырылды. Бұл тәсіл балаларды балабақшаларға емес, жергілікті әкімдік бөлетін ваучерлерге кезекке қоюды көздейді. Ата-аналардың өздері талаптарға сай мектепке дейінгі мекемені таңдайды. Осылайша, «Ақша қызмет алушы соңынан» қағидаты іске асырылады. Әдіс Таразда сынақтан өткізілді. Енді Шымкент және Түркістан қалаларында қолданыла бастады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында балаларды мектепке дайындау мәселесіне назар аударды. Осыған байланысты балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен үндестіру процесін жалғастыру қажет, - деді вице-премьер.

Өңірге жұмыс сапары аясында вице-премьер әл-Фараби атындағы ІТ мектеп-лицейіне барды. Мұнда білім беру нысандарының жұмысында цифрлық шешімдер ұсынылды. Олар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектеп асханаларында тамақтануды ұйымдастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізуді тапсырды. Бұл жұмыс өңірлерде белсенді жүргізілуде.

Білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мәселе өңірдің білім беру ұйымы басшыларының қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Облыста әдістемелік қолдауды қажет ететін 127 нысаналы мектеп анықталды. Олардың көпшілігі шағын жинақталған. Олармен жұмыс кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.

Балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында жеке тұлғаны дамытудың бірыңғай, өзара сабақтас, көп деңгейлі жүйесі болу тиіс. Осыған байланысты өңірлерге оқу бағдарламаларын синхрондау және жетілдіру, педагогтердің біліктілігін арттыру, қаржыландыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл бағытта барлық облыста белсенді жұмыстар жүргізілуде, - деді Тамара Дүйсенова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға