Жаңалықтар

Тамақ ішіп алып, түсуге болмайды. Суға шомылуға қажетті кеңестер

Тамақ ішіп алып, түсуге болмайды. Суға шомылуға қажетті кеңестер
Фото: El.kz 12.05.2023 16:40 4127

Маусым айының басынан бастап елімізде суға шомылу маусымы басталады. Күн жыли бастағаннан-ақ барлығы суға түсіп салқындауға асығады. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігі тілшісі суға түсу кезінде қатаң ұстанатын ережелерді ұсынады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын елімізде 1,5 мыңнан астам адам суға кетеді. Оның ішінде 500-і суға кетіп, көз жұмады. Төтенше жағдайдан көз жұматындардың арасында суға кететіндердің үлесі көп екен (70-80%-ды құрайды).

 Айта кететін тағы бір маңызды жайт, суға кететіндердің 90%-ы шомылуға тыйым салынған жерлерде шомылғандар..

Суға шомылу кезінде мынандай іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады:

- мас күйінде суға түсуге, оның ішінде алкоголь өнімдерін, есірткіні тұтынуға;

- судың ортасында катер, қайық, кеме сияқты су көліктерінен секіруге;

- тыйым салынған белгілер орнатылған жерлерде шомылуға;

- белгіленген аймақтан шығуға;

- жүзу кезінде қажет емес құралдарды пайдалануға;

- 18 жасқа толмағандарға ересек адамдардың бақылауынсыз жүзуге.

Сондай-ақ суға түсетін жер туралы ақпарат білу артықтық етпейді. Суға түсетін жердің қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Шыны сынықтары, темір сияқты қауіпті заттар болуы мүмкін. Суда жүзіп бара жатқан катер, қайық, кемелердің жанында жүзуге болмайды, қағып кетуі мүмкін.

Сонымен бірге суға түсетін орынды таңдар алдында су айдынының құмды жағалауда орналасуын ескеру қажет. Суға түсуге ыңғайлы болуы керек. Суға түсетін аймақта шұңқыр мен ойық болмауын тексеріп алғаныңыз жөн.

Тағы бір қатаң ұстануы тиіс ереже – шомылу ұзақтығы. Су салқын болса немесе жел болып тұрса, суға шомылуды тоқтатқан дұрыс.

Шомылу ұзақтығы мынандай болуы керек:

- су температурасы +18 С болса, суға шомылу уақыты 6-8 минут;

- су температурасы + 20 С болса, суға шомылу уақыты 10-12 минут;

- су температурасы +25 С болса, суға шомылу уақыты 15 минутке дейін.

Сондай-ақ тамақ ішіп алып, бірден суға түсуге болмайды. Тамақ ішкеннен кейін 1,5 сағат уақыт өтуі керек.

Егер суда балықтай жүзе алмайтын болсаңыз, судың жиек жағында ғана жүргеніңіз жөн. Адамдардың суға батып кетуіне олардың суда жүзе алмай терең аймаққа кетіп қалуы себеп болады. Жүзе алмайтын адам терең жерге барса, бірден суға батып кетеді. Өйткені оның жерге аяғы жетпесе, жүзіп шығып кетуі екіталай, әсіресе, қатты ағыны бар жерге де бармаған жөн.

Тіпті, суда еркін жүзе алатын, тәжірбиелі жүзушілер де суға кетіп жатады. Оған олардың судың терең жерінде жүзіп көруге деген қызығушылығы итермелейді. Қандай да бір қауіп төніп тұрғанын сезсеңіз, қатерге бас тікпеңіз!

Адамдар көбіне сіңір тартылып қалғанынан суға батып кетеді. Сіңір қандай жағдайда тартылады:

Су салқын болып, дене қатты мұздаса;

Ұзақ уақыт жүзген кезде қозғалыстан дененің тартылып қалуы;

Су температурасцының күрт ауысып кетуі.

Сіңір тартылғанда не істеу қажет:

  • Жүзу барысында жасап келе жатқан қимылдарды өзгерту қажет. Сондай-ақ жақын жағаға қарай асығу керек. Арқаға жатып жүзуге болады.
  • Аяқтың бұлшықеті тартылып қалса, табанды қолмен ұстап, өзіне қарай тарту керек;
  • Қолдың сіңірлері тартылып қалса, біресе жұдырықты түйіп, біресе алақандцы ашу керек;
  • Аяқтың сан бұлшықеті тартылса, тізені бүгіп, қолмен өзіне қарай тарту керек. Сонда да тартылып тұрса, жаттығуды қайта-қайта қайталау керек.

Сондай-ақ бірқатар созылмалы ауруы бар адамдар суға шомылмағаны жөн.

Мәселен, жүрегі ауыратын адамдар суға шомылғанда сақтық танытуы қажет. Өйткені олар температура күрт өзгеру салдарынан жүрек талмасына ұшырауы мүмкін. Есінен танып қалатын, құлақ ауруы бар адамдарға суға шомылуға болмайды. Өйткені олар судың ортасында есінен танып қалу қаупі бар. Ал құлағы ауыратын адамдардың құлағына су кіріп кетсе, денсаулығына қауіп төнуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су айдындарының қауіпті учаскелерінде  «Суға шомылуға тыйым салынады» атты 965 белгі орнатылған. Судағы жүріс-тұрыс және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету қағидалары жазылған 3000-нан астам плакат, буклеттер мен жаднамалар таратылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға