ҚР футбол федерациясы

Талғат Байсуфинов: Қазір ең маңыздысы – жас пен тәжірибенің үйлесімі

08.10.2025 03:27

Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында ұлттық командаға қайта оралуы, кадрлық шешімдер мен ойыншылардың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ҚР футбол федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берген Талғат Маруаұлы төрт жылға жуық уақыттан кейін ұлттық құраманың тізгінін қайта ұстауына байланысты пікір білдірді. 

Қазақстан құрамасына қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Бұл үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінемін. Бірақ тез шешім қабылдауға тура  келді. Сондықтан қорқыныш та, күмән да болған жоқ. Құрамда бізбен 2016 жылдан бері бірге жұмыс істеген жігіттер бар, сондай-ақ 2021 жылғы тәжірибелі, сенімді ойыншылар да бар. Сонымен қатар командада жаңа есімдер пайда болды. Дәл қазір құрамамызға осындай жас пен тәжірибенің үйлесімі қажет нәрсе. 1 қазаннан бастап жаттығу процесі басталды. Сол кезде футболшылардың кеңейтілген және негізгі тізімі толық жасақталды. Оған өзгеріс енгізуге уақыт та болмады. Толық талдаусыз түзетулер жасау дұрыс емес еді. Сондықтан біз алдыңғы штаб құрған құрылымды сақтап қалдық. Әли Ханалиұлы да жаттықтырушылар құрамында қалды. Бұл сабақтастықты қамтамасыз ететін маңызды буын, - деді бапкер. 

Сондай-ақ, ол жаттықтырушылар штабында кадрлық өзгерістер болатынына қатысты жоспарын атады. 

Мен өзіммен бірге бұған дейін бірге жұмыс істеген Иван Азовский мен Марат Еслямовты шақырдым. Олардан не күтуге болатынын, қандай жаңа элементтер енгізе алатынын жақсы білемін. Ең бастысы, бұрын құрылған жүйеге кедергі келтірмеу, керісінше оны толықтырып, үйлесімді ету. Барлығы кәсіби және қиындықсыз өтті, - деді Талғат Байсуфинов.