GOV.kz

Талғарлық оқушылар Малайзиядан толық оқу грантын ұтып алды

Талғарлық төртінші сынып оқушылары Малайзиядағы беделді халықаралық мектеп грантын жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Талғар қаласындағы №7 мектеп-лицейінің 4-сынып білім алушылары Аңсар Сарқытбек пен Айша Назар Малайзиядағы халықаралық мектепте оқу грантының иегері атанды. Олар Куала-Лумпурдағы Cambridge білім беру бағдарламасымен жұмыс істейтін оқу орнына қабылданып, толық грант иемденді.

Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, іріктеу тесті барысында оқушылар жоғары дайындық деңгейін көрсеткен. Грант иегерлері 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап оқу жылының екінші жартысын Малайзиядағы мектепте жалғастырады. Барлық оқу ақысы толығымен қамтылған.

Мектеп ұжымы бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдап, оқушылар мен олардың ұстаздарын құттықтады. Әкімдік мәлім еткендей, шетелде оқу мүмкіндігі жас таланттардың болашақтағы дамуына серпін беріп, жаңа халықаралық перспективаларға жол ашады.