Талғарда Шерзат Болаттың ағасының мәйіті табылды
Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақпараттарға сәйкес, ол өз өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында криминалдық спаттағы қандай да бір іс-әрекеттер анықталмады", - делінген хабарда.
Полиция мәліметінше, марқұм Шерзат Болаттың отбасы полиция күзетінде болған.
Осы уақытқа дейін отбасына қандай да бір қоқан-лоқы жасау дерегі тіркелмеді. Күзет қызметіндегі қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кетіп қалған. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды, - делінген хабарда.
Бұл ретте полиция өкілдері қосымша ақпараттар берілетінін айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.