Жаңалықтар

«Талғарда 109 мұғалімге бір ғана дәретхана бар». Министр аталған мәселеге қатысты жауап берді

«Талғарда 109 мұғалімге бір ғана дәретхана бар». Министр аталған мәселеге қатысты жауап берді
Фото: Амангүл Тілейқызы 21.05.2024 12:54 897

Алматы облысы Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы мектепте директор өзі баратын дәретхананың кілтін ешкімге бермей, дәретхананы сыртынан құлыптап, кілтін өзі алып кетіп жүрген. Аталған мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін бұл мәселе жөніндегі ақпараттың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Онда 109 мұғалімнің жалғыз дәретхананы пайдаланатыны айтылды.

Тілші: «Сіздің бұл жағдайдан хабарыңыз бар ма? Қандай шара қолданады?» деп сұрады. Ғани Бейсембаев министрліктің кез келген оқиғаға қатысты жедел ақпарат алып отыратынын айтты.

Осыған қатысты жергілікті атқарушы органдарға, нақты айтқанда білім басқармаларына дұрыс жұмыс істеуін қадағалау жөнінде үнемі тапсырма беріліп отырады. Мен бұл мәселе жөнінде департаментке тексеру жұмыстары жүргізу қажет екені жөнінде тапсырма бердім. Мұндай мәселелер басқа мектептерде жоқ екені маған айтылып жатыр. Бұл бір ғана жағдай екенін айтқым келеді. Біздің департаментпен нақты тексеру жүргізілген соң шаралар қабылданатын болды, – деді Ғани Бейсембаев.

Министр қазіргі таңда республика бойынша 10 мектепте әжетхана сыртта орналасқанын атап өтті.

2021 жылы осы мәселе көтерілген кезде мектептің сыртындағы дәретханалардың саны 2700-ді құрады. Бүгінгі күні атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 10 әжетхана әлі де сыртта орналасқаны белгілі болды. Бұдан бөлек мектептің ішіндегі жылы әжетханалар болғанына қарамастан, сырттағы дәретханалар толыққанды алып тасталмаған. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдарына тиісті тапсырма берілді, – деді оқу-ағарту министрі.

Сырттағы әжетханаларды түгел алып тастау үшін мектептегі жылы әжетханалардың санын тиісті көрсеткішке жеткізу керек екенін айтты.

Биыл жазғы үш айда бұл мәселені толыққанды шешуге қатысты тапсырма берілді. Десе де, алыс жерлерде 10-20 бала ғана оқитын мектептер бар. Бұл мектептерде ішкі әжетхананы қалыптастыруға қатысты шешілмеген мәселенің түйінін биыл толыққанды шешілу тапсырылып отыр, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің сөзіне сенсек, келесі оқу жылында мектептердің сыртында орналасқан әжетханалар болмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға