Жаңалықтар

Талдықорғандық егіздер сайлауда дауыс берді

Талдықорғандық егіздер сайлауда дауыс берді
Фото: gov.kz 19.03.2023 15:15 838

Анель мен Жанель Мырзабековалар Талдықорғандағы облыстық жедел жәрдем және шұғыл көмек стансасында жұмыс істейді. Әрдайым бір-біріне қолдау көрсететін олар бүгін Талдықорғандағы № 401 сайлау учаскесіне де бірге келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Анель мен Жанель Мырзабековалар Ақсу ауданында дүниеге келген, олар Талдықорғанда оқып, есейді. Қос бойжеткен үш жылдан бері мамандықтары бойынша облыстық жедел жәрдем және шұғыл көмек стансасында еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде олар өздерінің білікті маман екенін көрсетті. Жанельдің бір кездері жүкті әйелді перзентханаға жетпей босандырып алуына тура келгені де бар. Бәрі сәтімен болып, сәби аман-есен өмірге келіп, ана нәрестенің атын қою құрметін жас фельдшерге ұсыныпты. 

Әжеміз менің медицина маманы болғанымды және тура осындай «Жедел жәрдем» қызметінде істегенімді қалады. Мен оның қалауын орындадым. Әрине, жұмыс оңай емес, бірақ мамандығым өзіме ұнайды, мен үшін барлық пациент бірдей, олардың бәріне де көмектесуге, денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімді жұмсаймын, - дейді Анель Аханқызы.

Жанель әуел баста мұғалім болғысы келген, дегенмен есейе келе медицина саласына аңсары ауыпты. Сөйтіп әпкесіне қолдау көрсетіп, екеуі бір мамандықты меңгеріп шыққан. Сайлау учаскесіне де екеуі бірге келді.

Біз - жастармыз, жас маманбыз. Еліміздің ертеңі біздің қолымызда, сондықтан сайлауға келіп, дауыс беру біз үшін маңызды. Бұл біздің болашағымызға қосқан үлесіміз деп білеміз, - дейді егіз фельдшерлер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға