Жаңалықтар

Талдықорғанда алғаш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды

Талдықорғанда алғаш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі 28.05.2023 11:45 1010

Жетісу облысы тарихында тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 14 млн. теңге қарастырылған. Құрамында ішекті, үрмелі, ұрмалы аспаптарды ойнайтын 30 музыканты бар ұжым бүгін өнерсүйер қауымға Талдықорғанда концерттік бағдарламасын ұсынды. Жетісулықтарды осы қуанышты оқиғамен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. 

Бүгін Жетісу облысының мәдениетінде үлкен жаңалық. Екі айдың ішінде эстрадалық-симфониялық оркестр құру оңай емес. Бүгінгі алғашқы концертте музыканттар мен жеке орындаушылар көрермендерге таланттарын паш етті. Өнерлі ұжымға үлкен алғысымды айтамын. Талдықорғанда құрылған оркестр болашақта әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, дүниежүзі халқын тәнті етсін деп  тілеймін, - деді Б.Исабаев.

Концертте Шәмші Қалдаяқовтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Жаяу Мұсаның, Нұрлан Байгөзовтің, Франческо Сарторидің, Әли Алпысбаевтың жалпы саны 13 шығармасы орындалып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. 

Аталмыш өнер ұжымы облыстық филармониядағы «Big band» эстрадалық оркестрінің базасында жасақталып отыр. Оркестрді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін облыстың талантты музыканттары тартылып, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының және Чайковский атындағы музыка колледжінің биылғы түлектері қатарындағы жас музыканттар өңірге шақыртылған. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Данияр Жақиянов болса, дирижері – Қайрат Халықов, композиторы – талантты музыкант Илья Башкатов. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға